Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов журналист Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында алдыңғы жылы Қазақстан бойынша жоспарлы 200 мектептің орнына 277 мектеп салынғанын айтты.
"Бірақ, бұл мақтануға негіз емес. Өйткені, мектептің кішісі не үлкені де болады. Сондықтан санымен есептеу дұрыс емес. Мектеп саны емес, ондағы орын саны маңызды. Бізге керегі – 1 миллион орын", – деді министр.
Оқи отырыңыз: "Дүкендегіден әлдеқайда қымбат". Білім министрі мектеп асханасына қатысты 4 мәселені атады
Оның айтуынша, мектеп қажеттілігі мәселесін шешуде жекеменшік мектептер үлкен көмек көрсетіп отыр. Министрлік тарапынан заңдық қолдау шаралары қолға алынғаннан кейін жеке мектептер саны 3-4 есе өскен.
"Жекеменшік мектептерді ашқан тиімді. Бұл мемлекетке үлкен көмек. Өйткені, кей әкімдіктер бір мектепті салуға 2-3, тіпті 4 жылға дейін уақыт жұмсайды. Ол аралықта құрылыс бағасы қымбаттап, смета бірнеше рет өзгереді. Құрылыс тоқтап қалып жатады. Сондықтан біз жеке мектептердің салынуын қолдаймыз. Ал сапасына келетін болсақ, талап мемлекеттік мектепке де, жеке мектепке де бірдей. Жалпыға ортақ стандарттар бар", – деген Асхат Аймағамбетов кәсіпкерлерді жеке мектеп салуға ынталандыратын үш себепті атады.
Олар:
- кәсіпкердің меценаттық жасау ниеті;
- мемлекеттік-жекеменшік әріптестік. Кәсіпкер салған қаржысын 5-8 жылда қайтарып алады;
- бизнес.