Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры 19 қыркүйекте 79-шы маусымын ашады.
Жаңа маусымдағы жоспарларға қатысты баспасөз конференциясы ұйымдастырылып, Ғабит Мүсіреповтің музей-үйінің көрмесі ашылады. Кеш соңында ұлы жазушының қаламынан туған "Ұлпан" қойылымы сахналанады.
"Қырдағы өмірдің жаңаруға деген ұмтылысы суреттелген, қазақ халқының жүріп өткен жолы бейнеленген, жомарт жүрегі мен өткір ақыл-ойы бар әйелдің тарихын баяндалған жаңа маусымның ең алғашқы қойылымы көрерменін күтеді. Сондай-ақ, жаңа маусымда театрды артистердің кәсіби шеберлігін қажет ететін ауқымды жобалар мен жаңа жоспарлар күтіп тұр. Театрды құрметтер көрермен барда, театр көрерменге қалтқысыз қызмет етуден жалықпайды. Жаңа маусымдағы жағымды жаңалықтар мен жаңа бастамалардың бізбен бірге куәсі болыңыз", – делінген хабарламада.
Өткен маусымда Қазақстандағы ең көп көрермен келген театр мәртебесіне ие болған өнер ұжымы жаңа маусымға тың жоспарлар құрып, үлкен дайындық жасап жатыр. Ұлы тұлғаның есімін иеленген театр репертуарында жазушының "Ақан сері – Ақтоқты", "Қозы Көрпеш – Баян Сұлу" пьесаларын сахналаса, қазіргі таңда Мәскеу қаласындағы Вахтангов театрының режиссері Гүлназ Балпеисованың режиссерлігімен қойылған "Ұлпан" қойылымы қосылмақ.
Қойылым кейіпкерлерінің образдарын ашатын бірден бір көмек құралы болып табылатын киім үлгілерінің суретшісі – дизайнер Аида Кауменова. Сонымен қатар, спектакльді әуезді әнмен әрлеген композитор Олжас Дәлелхан болса, қойылымның артистері қатарында халықтың сүйіктісіне айналған ҚР Еңбек сіңірген артистері мен қайраткерлері Гүлжамал Қазақбаева, Тынышкүл Сұлтанбердиева, Күлжәмилә Белжанова, Жомарт Зейнәбіл және Ерден Жақсыбеков, Толқын Нұрбекова, Ернар Амандық сынды талант иелері бой көрсетеді.
"Ұлпан" – қазақ қоғамының тұрмыс-тіршілігі, наным-сенімі, таным-түсінігін суреттейтін шығарма. Сол себепті, бұл қойылымда қазіргі таңда ең үлкен өзекті тақырыптардың бірі әрі бірегейіне айналған мәселе кеңінен қозғалады. Ол – қазақ қыздарының құқығы мен мәртебесі. Аналардың анасы, ел билеген көсем, сөз бастаған шешен, аузы дуалы қоғам қайраткері Ұлпан мен беделді би Есенейдің отау құруы қазақтың салт-дәстүрлеріне үлкен тың өзгерістерге алып келеді.