Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Қазақстанның халық жазушысы, сыншы, мемлекет және қоғам қайраткері Ғабит Мүсіреповтің "Ұлпан" романы араға 27 жыл салып қайта сахналанды. Бұл жолы жас режиссер Гүлназ Балпеисова шығарманы жаңа қырынан ашты.
Мүсірепов театры үшінші жыл қатарынан театр шілде айында көрерменге премьера ұсынып келеді. Шілденің соңғы күндері премьерасы өткен "Ұлпан" спектакліне адам қарасы көп жиналды.
Бұл жолы өзгеше талғам мен көзқарас, ерекше коллаборация, қайталанбас образдар ұштасқан өнер туындысы жарық көрді. Оған дәлел, спектакльді ғасырдан астам тарихы бар, әлем мойындаған Е.Вахтангов атындағы театрының режиссері Гүлназ Балпеисова қойды. Қойылым кейіпкерлерінің образдарын ашатын бірден бір көмек құралы болып табылатын киім үлгілерінің суретшісі – дизайнер Аида Кауменова. Сонымен қатар, спектакльді әуезді әнмен әрлеген композитор Олжас Дәлелхан болса, қойылымның артистері қатарында халықтың сүйіктісіне айналған ҚР Еңбек сіңірген артистері мен қайраткерлері Гүлжамал Қазақбаева, Тынышкүл Сұлтанбердиева, Күлжәмилә Белжанова, Жомарт Зейнәбіл және Ерден Жақсыбеков, Толқын Нұрбекова, Ернар Амандық сынды талант иелері бой көрсетеді.
"Ұлпан" – қазақ қоғамының тұрмыс-тіршілігі, наным-сенімі, таным-түсінігін суреттейтін шығарма. Сол себепті, бұл қойылымда қазіргі таңда ең үлкен өзекті тақырыптардың бірі әрі бірегейіне айналған мәселе кеңінен қозғалады. Ол – қазақ қыздарының құқығы мен мәртебесі. Аналардың анасы, ел билеген көсем, сөз бастаған шешен, аузы дуалы қоғам қайраткері Ұлпан мен беделді би Есенейдің отау құруы қазақтың салт-дәстүрлеріне үлкен тың өзгерістерге алып келеді.
Кезекті әрі ауқымды премьераның бас демеушісі – DALEX DEVELOPMENT компаниясы . Қала маңындағы мекендерді дамыту мақсатында 10 жылдан астам уақыт тыңғылықты жұмыстар атқара білген компания ұжымы ендігі халықтың тек тұрмыстық жағдайының гүлденуін ғана емес, олардың рухани көркеюін мақсат тұтты.