
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының кеңесшісі Смайыл Сейітбеков Abay Live Youtube арнасына берген сұхбатында Қазақстандағы имамдардың әлеуметтік жағдайына қатысты жауап беріп, мешітке түсетін садақа қаражаты қалай жұмсалатынын түсіндірді.
ҚМДБ өкілінің айтуынша, діни басқарманың орталық есепшотынан 790 адамға (имамдар, ұстаздар және басқалар) жалақы төленеді. Одан бөлек, қорлар арқылы ауылдардағы 2100 имам, молдаларға стипендия беріледі. Сәйкесінше, республикадағы 5,5 мың дін қызметкерінің 3 мыңға жуығы осындай материалдық көмек алады.
"Бұл – мешіттен алатын жалақысынан тыс көмек. Біздің көпшілік мешіттердегі қызметкерлеріміз аз болса да жалақы алып тұрады. Ол садақаның есебінен төленеді. Бізден "мешітке түскен ақша қайда кетеді?" деп сұрап жатады. Оның есебін біз кез-келген адамға бере аламыз. Садақа қаржысы бірінші кезекте мешіттің суына, жарығына – өзге де коммуналдық төлемдеріне жұмсалады. Мемлекетке сіз қалай зейнетақы жарнасын, табыс салығын, әлеуметтік салықты, медициналық сақтандыру жарнасын төлесеңіз – мешітте де дәл солай. Шыны керек, шағын ауылдардағы садақа мөлшері көп емес. Одан алатын дін қызметкерінің жалақысы мардымсыз", – деп түсіндірді Смайыл Сейітбеков.
Дін өкілінің сөзінше, мешітке берілетін садақа мешіттің мұқтаждықтары үшін жұмсалады. Алайда, бұған күдік келтіріп, күмән тудыратындар қоғамда көбейген. Соның есебінен, мешіттерге түсетін садақа мөлшері де азайған.
Оқи отырыңыз: "Бас имам хан сарайындай үйде тұрады". Желідегі видеоға имамның өзі жауап берді