
Астана қаласының және республикалық "Әзірет сұлтан" мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіпов өзіне қатысты әлеуметтік желіде тараған видеоға жауап берді. Айта кетейік, видеода Астанадағы үлкен үйлердің бірі бейнеленген. Видео авторы бұл үйді "хан сарайындай" деп сипаттап, мұнда Астананың бас имамы тұратынын айтқан.
"Мынаны мен басында мешіт екен деп қалдым. Сөйтсем бұл Астананың бас имамының үйі екен. Мешіт сияқты дәу ғой сұмдық. Ал енді садақа жіберіңдер. Жұма сайын салған садақаларың міне қайда кетіп жатыр", – дейді видео авторы.
Бұл видео әлеуметтік желіде тарап кетіп, көпшіліктің ашу-ызасын туғызды. Соған орай, Астана қаласының бас имамы Ерболат Жүсіпов арнайы видео түсіріп, бұл ақпаратты жоққа шығарды. Бұл видеода үй иесі Нұрлан Лесбекұлы да сөз сөйлеп, бұл үйдің өзіне тиесілі екенін және оны өзі салғанын әрі 15 жылдан бері тұратынын айтқан.
"Соңғы уақытта әлеуметтік желіде ұстаздарымызға, имамдарымызға, руханият саласындағы майталмандарымызға әртүрлі жалған жала жабу кең етек алуда. Құранның тілімен айтсақ, біреудің ақысын жеу, біреуге зұлымдық жасау, біреуге әділетсіздік таныту дүниелік һәм ақыреттік үлкен азапқа себеп болатын күнә", – деді Астана қаласының бас имамы Ерболат Жүсіпов.
Оқи отырыңыз: ҚМДБ Құран сүресін рэп етіп оқыған блогерге қатысты мәлімдеме жасады