
Қазақстан мұсылмандары діни бірлестігі қасиетті Құран сүресін мерекелік кеште рэп түрінде оқыған қазақстандық блогер Жұлдыз Жауынбаеваның әрекетіне қатысты мәлімдеме жасады.
"Отандық блогердің Құран аяттарын, нақты айтқанда "Мағун" сүресін әлдебір мерекелік кеште оқыған видеосы жарияланды. Контентті ұсынушылар "Блогер мас күйінде Құранды рэп қылып оқып, жұртты шошытты" деп жазды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұндай шектен шыққан әрекеттерге алаңдаушылық білдіреді және олардың ісін қатаң айыптайды", – делінген ҚМДБ мәлімдемесінде.
Еске салайық, әлеуметтік желіде "Жузефина" лақап атымен танымал блогер Жұлдыз Жауынбаева мерекелік кеште Құран сүресін рэп етіп оқып, оның видеосы желіде тарап кеткен болатын. Желі қолданушылары блогердің бұл әрекетін қатаң сынап, кейін блогер бұл әрекеті үшін барша мұсылманнан видео форматта кешірім сұрады.
Ескерту: Информбюро редакциясы блогердің Құран сүресін оқыған видеосын оны таратпау мақсатында жарияламайды
"Шын мәнінде қасиетті Құранды құрметтеген адам Алланың құрметіне бөленеді. Қасиетті кітапты кемсіткен кісінің амалы Алланы кемсіткенмен тең. Құранды сақтаушы да, қорғаушы да бір Алла. Ал Құран Кәрімді келемеждеу, оны мазаққа айналдыруды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қасиетті кітапқа құрметсіздік деп есептейді. Өйткені бұл жерде Құран Кәрім де, оған қатысты әдептер де аяқасты етілген. Құран Кәрім – Алла Тағаланың сөзі, адамзатқа жіберілген ұлы мұғжизасы әрі мұсылман үмбеті үшін қасиетті кітап. Сондықтан Құранды дәретпен, ықыласпен, қырағатпен оқу керек", – делінген ҚМДБ мәлімдемесінде.