
Президент кеңесшісі – баспасөз хатшысы Берік Уәли Aiqyn басылымына берген сұхбатында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында елге лақап ат таңып жүргендерді сынағанын еске алды.
"Әлбетте. Қазір адамдар әлеуметтік желілердегі қажетті-қажетсіз ақпарат тасқынынан өзін қорғай алмай, сана сүзгісінен өткізбей, әртүрлі ойдың жетегіне оңай ілесетінін байқауға болады. Бұл, өкінішке қарай, кейбір азаматтарымыздың алтын уақытын тиімді пайдалана алмайтынын, жеңіл-желпі бөстекі сөзге үйір екенін меңзегеннен айтылған пікір болатын. Мемлекет азаматтардың қалауын шектемейді. Бірақ әлеуметтік желіні де тиімді пайдаланып, табыс табуға, қоғамдық ой-сананы озық ету үшін үлес қосуға болады. Сондықтан әлдекімдердің қарау ниетінен, тіпті қоғамдық пікірді манипуляциялаудан туатын, мемлекет беделіне нұқсан келтіретін арзан сөздерді қоғам болып тыйған ләзім", – деді президенттің баспасөз хатшысы.
Оқи отырыңыз: "Ақылға сыймайтын нәрсе". Президент елге түрлі лақап ат таңып жүрген белсенділерді сынға алды
Берік Уәлидің түсіндіруінше, президент Қасым-Жомарт Тоқаев осыған үндеді. Оның айтуынша, Қазақстанның жақсы атын ел азаматтары шығарады. "Заң мен тәртіп" қағидаты да осыған негізделген.
"Біз өзіміздің құқығымызды қалай қорғасақ, мемлекетіміздің де беделін солай сыйлауға әрі қорғауға тиіспіз. Сонда ғана еліміздің еңсесі көтеріледі. Сол үшін бір-бірімізді бекер жәбірлемей, ортақ игі іске жұмылып, мемлекетшілдік сананы орнықтыра бергеніміз жөн. Қадыр Мырза Әлінің "Тәуелсіздікті сәт сайын қорғау керек" деген қанатты сөзі бар. Мемлекеттің ар-намысы әр азаматының ұяты мен ожданына айналуы керек", – деді Берік Уәли.