"Ақылға сыймайтын нәрсе". Президент елге түрлі лақап ат таңып жүрген белсенділерді сынға алды

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар барлық деңгейде ұйымдастырылуы керек.

Аймақ, қала, аудан басшылары халықпен тікелей байланыста жұмыс істеуі қажет. Бұл туралы үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. 

"Үкіметтің және әкімдердің қызметі өз халқымызға да, сыртқы әлемге де ашық әрі түсінікті болуы керек. Бірінші басшылар азаматтарды жеке қабылдауға тиіс. Бұл – өте маңызды. Әсіресе, аймақ, қала, аудан басшылары халықпен тікелей байланыста жұмыс істеуі қажет", – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет пен қоғамның серіктестігі азаматтарға да зор жауапкершілік жүктейтінін еске салды.

"Соңғы кезде заң үстемдігіне және қоғамдық тәртіптің сақталуына басымдық беру қажеттігі дамыған елдерде, тіпті, АҚШ-тың өзінде жиі айтыла бастады. Біз мұндай пайымға әлдеқашан келгенбіз. "Заң мен тәртіп" қағидасы халықтың санасына терең орнығуға тиіс. Ол үшін кез келген құқық бұзушылыққа "мүлдем төзбеушілік" қағидасын берік ұстану қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар барлық деңгейде ұйымдастырылуы керек. Мұны, әсіресе, аймақ әкімдері мықтап қолға алғаны жөн", – деді президент.

Бірақ президент шектеулер мен айыппұлдарға қатысты мемлекеттің де, қоғам белсенділерінің де ұстанымы көңілге қонымды болуға тиіс екенін атап өтті. 

"Мәжбүрлеу шаралары болмаса, тәртіп орнату мүмкін емес екенін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Сондықтан мемлекеттің іс-әрекеттеріне түсіністікпен қараған жөн. Бұл орайда диалог арқылы қоғамдық келісімге келу керек. Қалай десек те, мемлекет заң тәртібін қамтамасыз ету үшін қабылдайтын шаралар өз елін күстәналауға себеп болмауға тиіс. Кейбір азаматтар елімізді мазақ қылуға әуестеніп барады. Мысалы, өзге елдердің өкілдері жоқ жерден "керемет жетістіктерді, табыстарды" тауып алып, оны шетелге жан-жақты насихаттап жатады. Ал біздің азаматтар, олардың ішінде шоу-бизнес өкілдері, өзін өзі "қоғам белсендісі" санайтын жастар, тіпті, депутаттар да бар, Қазақстанға неше түрлі лақап ат қоятын болды. Бұл енді мүлдем түсініксіз, ақылға сыймайтын нәрсе", – деді президент.

Серіктестер жаңалықтары