
Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында цифрлық қауіпсіздік мәселесіне көңіл аударды. Президент жаппай цифрландыру мемлекеттің азаматтармен және бизнес өкілдерімен қарым-қатынасын жеңілдетіп, бюрократияны және сыбайлас жемқорлық қатерлерін азайтқанымен, қауіпті тұсы да бар екенін атап өтті.
"Таяқтың екі ұшы бар, цифрландыру дамыған сайын алаяқтық көбейіп барады. Қоғамдық пікірге теріс ықпал ету, биліктің беделін түсіру және ел ішінде алауыздық тудыру үшін жалған мәлімет таратып, ақпараттық шабуыл жасау белең алуда. Мұндай әрекеттер азаматтардың қауіпсіздігіне және елдегі тұрақтылыққа үлкен қатер төндіреді. Сондықтан интернет-платформаларда арандатушылық сипаттағы ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікке тартуды заңмен бекіту мәселесін ойластыру керек. Бірақ киберқауіпсіздікті күшейту шаралары цифрландыру үдерісіне тосқауыл болмауға тиіс", – деді мемлекет басшысы.
Оқи отырыңыз: Жылу стансаларындағы апаттар мемлекеттік қызметшілердің жауапсыздығы мен біліксізігін көрсетеді – Тоқаев
Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев кибералаяқтардан қорғау жұмыстарының статистикасына көңілі толмайтынын жеткізді.
"Қоғамда мемлекеттің азаматтарды кибералаяқтардан қорғау үшін қабылдап жатқан шаралары нәтижесіз деген қасаң пікір қалыптасып келеді. Статистика да көңіл көншітпейді. Жыл сайын 20 мыңнан астам интернет-алаяқтық фактісі тіркеледі. Қылмыстың 80 пайызға жуығы әшкереленбейді. Сондықтан Үкімет құқық қорғау органдарымен және қаржы саласын реттеушілермен бірге азаматтардың жеке деректерін қорғауды мейлінше қамтамасыз етуі керек", – деді президент.