Бас прокуратура "Медеу" табиғи паркінің аумағындағы жер учаскелерін үшінші тұлғалардың пайдасына иеліктен шығару фактілерін анықтады. Бұл туралы бас прокурор Берік Асылов Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Бас прокурордың жазуынша, Алматы қаласы əкімдігінің жұмысындағы кемшіліктердің бірі – қала құрылысын жоспарлаудың тиімсіз жүйесі. Атап айтқанда, қаланың бас жоспары 2004 жылы қабылданған жəне бүгінгі күнге шындыққа сəйкес келмейді. Яғни, қазіргі демографияны, халықты жылумен жабдықтауды, экологиялық талаптарды жəне тағы басқа көрсеткіштерді ескермеген. Сонымен қатар оларда сейсмологиялық қауіп-қатерлер, тамақ қабылдау пункттері, жер сілкінісі кезінде қауіпсіз орындар, тауларға жақын жанармай құю бекеттері жəне тағы басқалары көзделмеген.
"Прокурорлар Алматы қаласында жəне қала маңындағы аймақтарда (Алматы облысының аумағы) бас жоспарды бұза отырып, жер учаскелерінің нысаналы мақсатын заңсыз өзгертудің жəне егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын түзетулерінің 100-ден астам фактісін анықтады. Түркияда орын алған оқиғалар шеңберінде қала прокурорының наразылықтары бойынша таулы жерлерде 120 учаскенің (250 га) заңсыз салынуына жол берілмеді. Анықтама ретінде: Қарғалы шағын ауданы (ауданы 136 га 103 учаске), Бутаковка (ауданы 44 га 11 учаске), Обсерватория көшесі (ауданы 4 га 6 учаске)", – деп жазылған жауапта.
Оқи отырыңыз: Тоқаев: Қазақстанда игерілмеген не заңсыз берілген 10 млн гектар жер бар
Сондай-ақ "Медеу" табиғи паркінің аумағындағы 45 га жер учаскелерін үшінші тұлғалардың пайдасына иеліктен шығару фактілері анықталған.
"Аталған бұзушылықтар бойынша Алматы қаласының прокуратурасы жерге рұқсат беру құжаттарының күшін жою туралы 10 талап қою енгізген. Олар Медеу аудандық сотының қарауында. Қадағалау шаралары бойынша егжей-тегжейлі түгендеу жүргізу арқылы Жайлау шағын ауданындағы ауданы 13 га таулы жерлерде жеке тұрғын үй құрылысына бөлінген жер пайдалану құқығына арналған мемлекеттік актілердің күші жойылды. Бүгінгі таңда Алматы қаласының Жер ресурстарын басқару департаменті прокуратура органдарының жұмысының нəтижесінде ауданы 167 га, кадастрлық құны 10 млрд теңге болатын 173 учаскені тəркіледі. Ден қою шаралары бойынша уəкілетті органдардың алдында ауданы 6,05 га жерді қайтару туралы сотқа 40 талап қою беруге бастамашылық жасалды. 750 учаске бойынша тексеру шаралары жалғасуда (1,1 мың га)", – деді Берік Асылов.
Сонымен қатар Бас прокурор таулы жəне тау бөктеріндегі аудандарда жеке құрылысқа жер учаскелерін беруге мораторий жариялау мəселесі прокуратура органдарының құзыретіне кірмейтінін хабарлады.
Еске салайық, Сенат депутаттары бас прокурор Берік Асыловқа Алматы қаласының тау бөктеріндегі аудандарын заңсыз салу мәселесі туралы депутаттық сауал жолдаған еді.