Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет пен әкімдіктер келер жылдың соңына дейін игерілмей жатқан және заңсыз берілген жерлерге қатысты нақты шешім қабылдауға тиіс екенін айтты.
"Ауыл шаруашылығына арналған жер туралы толыққанды ақпарат жоқ. Жердің құнары, су ресурсы мен суару жүйесі және оның жолдары жайлы мәліметтер жан-жақта шашырап жатыр. Цифрлық платформа осының бәрін бір жерге жинақтайды. Тұтастай алғанда еліміздің агроөнеркәсіп кешені келер жылдан бастап жаңа әрі тұрақты ереже бойынша жұмыс істеуі қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент игерілмей жатқан жерді қайтарып алу жөніндегі комиссияның қызметіне жеке тоқталды.
"Комиссия жұмысының аясында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 2,9 млн гектар жер мемлекетке қайтарылды. Жыл соңына дейін кемінде 5 млн гектар жерді қайтарып алу жоспарланып отыр. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 млн гектарға жуықтайды. Үкімет пен әкімдіктер келер жылдың соңына дейін осы жерлерге қатысты нақты шешім қабылдауға тиіс. Қазір жер мәселесін тексеруге жарияланған мораторий күшін жойды. Бұл қадам жұмысқа оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын", – деді мемлекет басшысы.