Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Оқу-ағарту және Ғылым министрліктеріне су басқан өңірлердегі мектеп оқушылары мен мұғалімдерін қолдау мақсатында бірнеше ұсыныс-талап қойды. Бұл талаптарды ол оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанов, ғылым және жоғары білім вице-министрі Талған Ешенқұловқа жеткізді.
Атап айтқанда, мәжіліс депутаты су басқан өңірлердегі биыл мектеп бітіретін түлектерді түгелдей білім грантымен қамтамасыз етуді ұсынды. Одан бөлек, апат аймақтарында мектепте сабақ болмай жатқандықтан, ұстаздардың сағаттары тоқтап тұрғанын еске салған депутат мұғалімдердің жалақысын толық төлеу туралы талап қойды.
Депутат қойған тағы бір талап – апат аймағындағы оқушыларды "Балдәурен" лагеріне орналастыру. Нартай Сәрсенғалиевтің айтуынша, ол жерде оқуға және демалуға барлық мүмкіндік бар.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға біржолғы әлеуметтік төлемдер жүргізіле бастады
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, республикадағы 11 сауықтыру орталығына 600 бала қабылданады. Соңғы тәуліктерде Алматы қаласындағы ұлттық сауықтыру орталығына Батыс Қазақстан облысынан балалар қабылданды. 80 бала Ақмола облысындағы "Жасдәурен" лагеріне орналастырылған.
"Министрлік балалардың сауықтыру орталықтарына жеткізілуін ұйымдастыруда. Балалар сапалы білім алуы үшін қажетті оқу-құралдарымен, тамақтанумен және киім-кешекпен қамтамасыз етілді. Эвакуациялық пункттердегі балаларды республикалық маңыздағы инновациялық мектеп лицейлерінің жатақханаларына орналастыру және оқу процесін ұйымдастыру мәселесі шешілуде", – деп атап өтті оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанов.