
Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы Мәжілісте кезекті рет әлеуметтік желі мәселесін көтерді. Оның айтуынша, әлеуметтік желінің рухани-мәдени зиян-залалы қазірдің өзінде айқын сезіліп отыр.
"Әлемдік деңгейде белгілі психологтар Жан Твенге, Джонатан Хайдт, Шерри Теркл, Николас Карр, Адам Альтер әлеуметтік желі жастар арасында депрессияны күшейтіп, назар аудару қабілетін төмендетіп, тәуелділік тудырып, адамдар арасындағы шынайы қарым-қатынасты әлсірететінін дәлелдеп, авторлық кітаптарын жазды. Әлеуметтік желінің рухани-мәдени зиян-залалын қазірдің өзінде сезініп отырмыз", – деген депутат халықаралық Kaspersky Lab компаниясы жүргізген зерттеудің нәтижелерін жария етті. Оған сәйкес:
- Қазақстандағы балалардың 88%-ында жеке смартфон бар, олардың 28%-ы барлық бос уақытын гаджетте өткізеді;
- Жасөспірімдердің 74 пайызы TikTok-ты, 59 пайызы – YouTube-ты, 57 пайызы – Instagram-ды белсенді пайдаланады.
- Әрбір бесінші ата-ана өз баласының әлеуметтік желілердегі парақшасында қандай ақпарат жарияланғанын білмейді.
- Ата-аналардың 62%-ы балаларының экран алдындағы уақытын бақылау үшін ешқандай арнайы бағдарлама мен шектеу қолданбайды.
"Желіге желіккендер психологиялық, физикалық, әлеуметтік қиындыққа тап келуде. Мысалы, Гонконг Қытай университетінің зерттеулері бойынша, интернетке тәуелді жасөспірімдер арасында психологиялық ауытқуларға тап болу көрсеткіші 2,5 есе жоғары. Депрессияға шалдығу ықтималдығы 3 есе көп болады екен. Бүгінде әлеуметтік желіні шектеп жатқан елдер аз емес. Олардың қатарында Қытай, Оңтүстік Корея, Франция, АҚШ, Австралия бар. Елдің болашағын, өскелең ұрпақтың қамын ойласақ, онда қазірден бастап нақты шешімдер қабылдауымыз қажет. Яғни, жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді пайдалануын заңмен реттеу керек", – деді Жарқынбек Амантайұлы.
Ол Оқу-ағарту министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ведомствааралық топ құрып, әлеуметтік желілердің өскелең ұрпаққа тигізетін зиянын жан-жақты сараптап, саралап, арнайы заң жобасын әзірлеуі қажеттігін алға тартты.
Еске салайық, 19 ақпанда тағы бір мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан TikTok-қа тыйым салуды талап еткен болатын. Оның айтуынша, Құмар ойындарды жарнамалау, стримдер арқылы әдепсіз әрекеттер көрсету, боқауыз сөздер, порнография, суицидке шақыру, діни уағыздардың оңды-солды таралуы, буллинг, тыйым салынған заттардың жарнамасы секілді теріс әрекеттерге шақыратын лас ақпараттар TikTok арқылы таралуда.
Оқи отырыңыз: "Әліппенің орнын әлеуметтік желі басты". Депутат TikTok-қа тыйым салуды талап етті