
Мәжілісте депутат Жанарбек Әшімжан ТикТок-ты кәмелеттік жасқа толмаған балалардың пайдалануына қатаң шектеу қою немесе мүлдем тыйым салу тетіктерін қарастыруды ұсынды.
"Бүгінгі таңда балалардың әліппесі – әлеуметтік желі, емізігі – TikTok, бесік жыры – Instagram десек артық болмас. Адамзат баласын отырғызып-тұрғызған осы құбылыстардың әсері – әсірелеп айтсақ атом бомбасынан кем болмай тұр. Сөз жоқ, қазір – ақпараттық ғасыр. Әлеуметтік желілер өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Пайдалы жағы да жоқ емес. Алайда, ұлттық тәрбие мен дәстүр-салтымыздың уықтарын талқандап, ақыл тоқтатпаған, жақсы мен жаманды әлі толық ажыратып үлгірмеген балалар мен жасөспірімдерді меңдуана жегендей меңіреу әлемге бастап бара жатқан жағдайдың алдын алмасақ" опық жейміз, – деді Жанарбек Әшімжан.
Депутаттың айтуынша, балалар мен жасөспірімдер арасында TikTok кеңінен танымал. Соңғы екі жылда 14,1 млн қазақстандық тіркелген.
"Бұл желінің негізгі тұтынушылары да – сол бесіктен белі шықпаған балалар мен жастар. Онда пайдалы контенттен гөрі, жастарға теріс әсер ететін зиянды ақпараттар өріп жүр. Құмар ойындарды жарнамалау, стримдер арқылы әдепсіз әрекеттер көрсету, боқауыз сөздер, порнография, суицидке шақыру, діни уағыздардың оңды-солды таралуы, буллинг, тыйым салынған заттардың жарнамасы секілді теріс әрекеттерге шақыратын лас ақпараттар осы ТикТок арқылы таралуда. Жасөспірімдердің ТикТоктан көргенін қайталап, жағымсыз қылық пен әдепсіз іске үйір болып бара жатқаны да жасырын емес", – деді депутат.
Оқи отырыңыз: TikTok қызметі қандай екі жағдайда шектелетінін Олжас Бектенов түсіндірді
Жанарбек Әшімжан мәселені шешудің екі жолын атады. Олар
- ТикТок-тағы әдепке, ұлттық құндылықтарға, дәстүріміз бен салтымызға қайшы келетін, балалардың санасын улайтын, теріс әдеттерге шақыратын барлық контентке шектеу қою;
- Қазақстанда ТикТок-ты кәмелеттік жасқа толмаған балалардың пайдалануына қатаң шектеу қою немесе мүлдем тыйым салу тетіктерін қарастыру.