Биыл кемінде 70 мың педагог жаңа білім беру бағдарламалары бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтеді, деп мәлімдеді ҚР білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринова.
"Сондай-ақ Маңғыстау, Атырау, Алматы және Түркістан облыстарында мектеп оқушыларының білім сапасын арттыру мақсатында осы өңірлерге педагогтерді тарту үшін арнайы бағдарлама іске асырылады. Оларға жоғары жалақы коэффиценті, баспана жалдау және коммуналдық төлемдер шығындарын өтеу сынды айтарлықтай әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Бұл шаралар аталған аймақтарда білім беру сапасы бойынша үлкен алшақтықты азайтуға бағытталған", – деді Шолпан Каринова.
Мұнымен қатар, вице-министр колледждерге қажет оқулықтарды қазақ тіліне аудару жұмыстарының жүріп жатқанын айтты.
Еске салсақ, биыл колледжде тегін техникалық және кәсіптік білім алатындар санының 21% артатыны туралы хабарлаған едік.