
Ашық НҚА порталында Маңғыстау облысында жүзеге асырылатын "Табысты мектеп" байқауының ережесі жарияланды. Байқау жыл сайын екі кезеңде (аудандық және облыстық) өткізіледі және оқу жылының көрсеткіштері негізінде қорытындыланады.
Жобаның мақсаты – білім беру ұйымдарындағы үздік іс-тәжірибелерді насихаттау және мектептердің жетістіктерін анықтау, мектепаралық бәсекелестікті дамыту.
Ереже бойынша, мектеп рейтингі оқушыларының білім көрсеткіштері, "Алтын белгімен" бітірген түлектерінің саны, білім беру сапасы, педагогтердің мемлекеттік аттестациядан сәтті өтуі, инклюзивтік білім беру мүмкіндігі секілді бірнеше критерийлер бойынша анықталады.
Көрсеткіштері жоғары үздік мектептерге арнайы сый қарастырылған:
- 1 орын – мектеп директорына қызметтік автокөлік беріледі және мектеп ұжымы (мектеп директорынан бастап кіші қызметкерлерге дейін) 3 лауазымдық жалақымен марапатталады;
- 2 орын – мектеп ұжымы (мектеп директорынан бастап кіші қызметкерлерге дейін) 2 лауазымдық жалақымен марапатталады;
- 3 орын – мектеп ұжымы (мектеп директорынан бастап кіші қызметкерлерге дейін) 1 лауазымдық жалақымен марапатталады.
Еске салайық, бұл жоба туралы алғаш хабарлаған өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай: "Мектептердегі білім деңгейін көтеру мақсатында жыл сайын рейтинг жасап, "Табысты мектеп" жобасын іске қосуды ұйғардық. Біз ұстаздар мен оқушылардың ынтасы мен жігерін арттыруды, шығармашылық қабілеттерін ашуды мақсат тұтып отырмыз", – деген болатын.
Оқи отырыңыз: Білім сапасы мен адами капиталды арттыруда әлеуметтік бастамалардың маңызы қандай