Облыста "Жаңаөзен-Ақтау" газ құбырының магистральдық газ құбыры және "Бейнеу-Жаңаөзен" магистральдық газ құбырының екінші тармағы салынады. Мұнымен қатар, 4 млн шаршы метр тұрғын үйді салып, пайдалануға беру жұмысы жалғастырылады. Оның ішінде 220 мың шаршы метрі жалға беріледі. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев мәлімдеді.
"2021-2025 жылдарға арналған инвестициялардың жалпы көлемі 2,1 трлн теңге. Бұл ретте қомақты үлес 1,6 трлн теңге көлемінде жеке инвестицияға, 338,8 млрд теңге көлемінде республикалық бюджетке, 118,3 млрд теңге көлемінде жергілікті бюджетке тиесілі", – деді министр.
Жоспарға сәйкес, өңірде Жаңаөзен қаласында газ өңдеу зауытын, "Ақтау теңіз порты" АЭА аумағында каустикалық сода, құрамында хлор бар өнім өндіру зауытын салу және химреагенттер, трансформаторлар және т. б. өндіру қамтамасыз етіледі.
"Маңғыстау облысының туристік әлеуетін дамыту үшін жүйелі шаралар қабылданады. Әңгіме "Жылы жағажай" ауданындағы туристік кешен мен сауда орындарын, келу орталығы бар этноауыл, 9 қонақ үй, демалыс аймақтары, сауықтыру кешендерін салу туралы болып отыр. Көлік және логистика саласында жаңа терминал салынып, сондай-ақ, Ақтау қаласының қолданыстағы халықаралық әуежайы, Құрық портындағы "Саржа" көпфункционалдық теңіз терминалы жаңғыртылады. Кәсіпкерлікті дамытуға келсек, "Бизнестің жол картасы – 2025", "Қарапайым заттар экономикасы" мен "Еңбек" бағдарламаларының құралдары белсенді түрде қолданылады. Бұдан басқа, Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданында көтерме-тарату орталықтары салынады", – деп қосты Әсет Ерғалиев.
АӨК-те 25 инвестициялық жоба іске асырылады. АӨК субъектілерін кредиттеу мен мал, техника мен технологиялық жабдықтар сатып алу лизингі кезіндегі сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау көзделген. Сонымен бірге, Ақтау қаласында көпбейіндік аурухана, емхана, 6 дәрігерлік амбулатория, 2 медициналық пункт, 24 мектеп салынады. Сонымен қатар 5 колледж заманауи жабдықпен жарақтандырылады.
Өңірде мәдени-көпшілік іс-шаралар мен спортты дамыту үшін тарихи-өлкетану музейі, драма театры, стадион, мұз сарайы, 3 спорттық кешен салынады. Кешенді жоспарды тиімді іске асыру 2025 жылға қарай өңірдегі ЖӨӨ өсуін – 32%, өңдеуші өнеркәсіп көлемін – 43,3%, халықтың нақты табысын 40,3% қамтамасыз етіп, 60 мың жаңа жұмыс орнын құрады.
"Жоспардың түпкі мақсаты – Маңғыстау облысы тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту. Біз жоспар өңірдегі экономиканың өсу ырғағын арттыруға мүмкіндік береді деп ойлаймыз", – деді ұлттық экономика министрлігі басшысы.
Еске салсақ, Петропавл әкімдігінің 9 қызметкерінің тұрғын үй қорынан кезектен тыс пәтер алып, тегін тұрғаны белгілі болған еді. Алайда қала әкімінің орынбасары бұл істен заңсыздық көрмей отыр.