Тікелей эфир

Мәжіліс депутаты: Жеке деректердің құпиялылығы ешкімде құпия болмай тұр

Тоғыз айда елімізде 15 мың интернет алаяқтық тіркелген.

Бірмандатты округ бойынша сайланған Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинге, Әділет министрі Азамат Есқараевқа интернет алаяқтық мәселелері жөнінде депутаттық сауал жолдады

"Интернет дамыған заманда, осы арқылы жасалатын онлайн-алаяқтықта күн санап өсіп отырғанын білеміз. Интернет алаяқтарға қанша жерден тосқауыл қойылғанымен, олардың айласы асып тұрғанын көріп отырмыз. Мысалы, әртүрлі телеграмм чаттар арқылы қомақты ақша табуды ұсынып, талай үйде отырған аналарды алдап жатыр. Ішкі істер министрлігімен қылмыстық істер қозғалады, бірақ алаяқтың өзін табу мүмкін емес болып отыр", – деді Данияр Қасқарауов депутаттық сауал жолдағанда.

Оның айтуынша, соңғы ақпараттарға сәйкес тоғыз айда елімізде 15 мың интернет алаяқтық тіркелген.  Оның ішінде, 3 мыңнан астамы ресми банктердің атын жамылып, азаматтарды алдаған.

"Осы жерде нақты сауал туындайды. Өздерінің құрығына түсіретін алаяқтар азаматтардың жеке деректерін, телефон нөмірлерін қайдан алады?! Оларға бұл деректерді кім береді? Қанша жерден адамдардың жеке деректерін заңмен қорғап, оның таралуын шектесек те – алаяқтар тоқтайтын емес. Жеке деректердің құпиялылығы ешкімде құпия болмай тұр.

Бір ғана мысал келтірейін.  Мәселен, жақында бір танысым жеке компаниясын ашып, құжаттарын Егов электронды Үкіметі арқылы тіркетті. Бұл процесс ешкімнің қатысуынсыз, тек Порталда жасалды. Дегенмен, сол күні оған үш бірдей банктен қоңырау түсіп, арнайы есептік шот ашу керектігі туралы ұсыныс айтылған. Ал, ертесі күні заңгерлік-бухгалтерлік қызмет көрсететін жеке компания өкілдері хабарласып, өз қызметтерін ұсынған", – деді ол.

Оның айтуынша, ең сорақысы, енді жеке таксопарк өкілдері тынымсыз хабарласып, көлік қызметін ұсынып отыр. Бұның бәрі небәрі 2-3 күнде орын алған жағдай.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда әрбір үшінші адам интернет алаяқтарына алданады


"Енді сұрақ – осы аталған мекемелер жаңадан серіктестік құрылғанын, оның басшысы кім екенін және кеше ғана ресми тіркелген кәсіпкердің жеке ұялы телефон нөмірін қайдан алып отыр? Бухгалтерлік компаниялар мен таксопарк өкілдерінің қолына түскен ақпарат алаяқтарда да жоқ дегенге кепілдік бар ма? Яғни, біздің жасаған жұмыстарымыздың нәтижесіз екені айқын көрініп тұр. Осы ретте, аталған мәселе бойынша дер кезінде шара қабылдауларыңызды сұраймыз", – деді ол.

Серіктестер жаңалықтары