Тікелей эфир

Мәметова, Бағланова, Жәнібеков. Көрнекті тұлғаларға оқу орны мен көше атауы беріледі

Еліміздегі 18 оқу орны мен 69 көшеге қазақтың көрнекті тұлғаларының аты беріледі. 

Өңірлердегі 18 оқу орны және Көкшетау, Қосшы, Степногорск (Ақмола облысы) Арыс (Түркістан облысы) және Талдықорған (Жетісу облысы) қалаларындағы 69 көшенің атауы өзгереді. Бұл туралы ұлттық музейдегі ономастика комиссиясының отырысында белгілі болды. 

Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетіне көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің есімі беріледі. 

"Ақтау қаласындағы №28 жалпы білім беретін мектепке ғалым және публицист Ахмет Байтұрсынұлының есімі беріледі. Қостанай ауданындағы Заречная жалпы білім беретін мектебі және Жетісу облысы Алакөл ауданының Үшарал қаласының №1 орта мектебі де Ахмет Байтұрсынұлының  есімімен аталады", – делінген мәдениет және спорт министрлігі таратқан хабарламада. 

Жетісу облысы Алакөл ауданы Бескөл станциясының №14 орта мектебі жазушы Мұхтар Әуезовтің құрметіне өзгертіледі.

Түркістан облысының Арыс қаласындағы кейбір көше Роза Бағланованың, халық жазушысы Шерхан Мұртазаның есімімен аталады.  Оған қоса Шарын, Сарыарқа, Ұлытау, Жидебай, Сарайшық және т.б. көшелер пайда болады.

"Мәдениет және спорт министрлігі көрнекті қайраткерлер мен тарихи тұлғалардың «Тарихи тұлғалар» тізімін өзектендіру бойынша жұмыс істеп жатыр. Соның негізінде нысандар мен көшелерге жаңа атаулар беріледі", – деді мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов. 

Серіктестер жаңалықтары