Премьер-министр Әлихан Смайылов сенаттың бір топ депутаттарының сауалына берген жауабында Қазақстанда ломбардқа өткізілген зергерлік бұйымдардың шет мемлекеттерге кетуіне тосқауыл қою жолдарын түсіндірді.
Бұған дейін депутаттар ломбардтардың сұрауы жоқ бағалы металдарды шетелге өткізетінін айтып, мәселе көтерген болатын. Олардың айтуынша, экспорттың негізгі көлемі Швейцарияға жіберіледі (98%).
Әлихан Смайыловтың жауабына сәйкес, заң (Азаматтық кодекстің 319-бабының 1-тармағы) бойынша, ломбардтар өз меншігіне өткен зергерлік бұйымдарды қайталама шикізат ретінде тек "Тау-Кен Алтын" ЖШС аффинаж зауытына өткізуі қажет.
"Бүгінгі таңда ломбардтардың зергерлік бұйымдарды, әсіресе қолданылған және сауда-саттықтан кейін өткізілмеген бұйымдарды экспорттауын болдырмау мақсатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі "Бағалы металдар мен асыл тастар туралы" заңға өткізілмеген бағалы металдардың құймаларын Ұлттық банктің активтеріне есепке жатқызу бойынша түзету енгізуді жоспарлап отыр" делінген үкімет басшысының жауабында.
Оқи отырыңыз: Зергерлік бұйымдардың бағасы күннен-күнге қымбаттап барады