Елімізде зергерлік бұйымдардың бағасы күннен-күнге қымбаттап барады. Еnergyprom.kz сарапшыларының мәліметінше, алтын әшекейлердің құны бір жылда 35 пайызға көтерілген. Оның ішінде әсіресе неке сақиналарының бағасы 39 пайызға өскен. Сондай-ақ, алтыннан жасалған қол сағаттардың да құны шарықтап, 15 пайызға дейін қымбаттаған, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Сатушылар бағаның күрт құбылуын бірінші кезекте доллар бағамының өсуімен байланыстырады. Сондай-ақ жаһандық геосаяси қақтығыстар да құнды дүниенің шарықтауына әсер еткенін алға тартады.
"Ақпан айында алтынның бір граммы 27 мың теңге болды. Содан соң ол 19 мың теңгеге түсті. Қазір қайта көтеріліп, 23 мың теңгеге жетті. Бәрі доллардың көтерілуіне байланысты", – дейді сатушы Дамир Сағынтай.
Доллар бағамының айтарлықтай ауытқуы қазақстандық алтынның бағасына да әсер еткен. Былтыр оның граммы 16 500 теңге төңірегінде болса, қазір 18 мың теңгеден сатылып жатыр.
"Екі алтынның да құрамы бірдей. Тек қана жолдың шығынына төлейді. Ал жалпы екі алтын бірдей бағада, ломбардқа өткізсе де, сатса да 585 пробада болады", – дейді сатушы Махаббат Әбішева.
Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында алты жұмысшы 20 қап алтынмен ұсталды
Ал тұрғындар зергерлік бұйымдардың бағасын сатушылар маусымдық той-думанның кезінде әдейі көтеріп отырғанын айтады. Айтуларынша, соңғы тайын сатса да, туыс-жекжатын алтынмен аптайтын жиындар жиілеген кезде көп кәсіпкер ойға келген бағасын қояды. Қатардан қалмас үшін алмауға амал қалмайтынын алға тартады.
"Біздің қазақ өзі тақпаса да, құдаларын ренжітпейді. Бұрын арада арба жүруші еді, қазір алтын жүретін заман ғой. Алтынды 150-ден сұрап едім, одан сәл қымбаттап қапты", – дейді тұрғын Ақмарал Мақатева.
Зергерлік қауымдастық өкілдері алтын бағасын ауыздықтау әзірше қиын екенін айтады. Сұраныс бар жерде, құн қымбаттай бермек. Дегенмен, күзде құнды металл құны біршама құлдырайтынын болжап отыр. Өйткені сол уақытта доллар бағамы түсіп, той-томалақ та азаяды.
Оқи отырыңыз: Қымбатшылық қысқан қазақстандықтар семіре бастапты