Тікелей эфир

"Күніне бір шелек су береді". Алматы облысының тұрғындары екі жылдан бері ауыз суға зәру

Оның себебі – екі жыл бұрын жарты ғасыр жұмыс істеген ұңғымалар ескірген.

Алматы облысында мыңдаған тұрғын екі жылдан бері ауыз суға зар болып отыр. Соңғы екі аптада ахуал ушығып, бір ұрттам судың өзін кезекке тұрып алуға мәжбүр, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

Тұрғындардың айтуынша, жауапты компания ләм-мим деместен су беруді тоқтатқан. Осыдан екі жыл бұрын жарты ғасыр жұмыс істеген ұңғымалардың ескіргенін аңғарған. Өйткені елдімекен тіршілік нәрінен аптасына бір ажыратылып отырыпты. Кейін бұл үрдіс әдетке айналған.

"Соңғы жылдары ауыл халқы 6-7 есеге көбейді. Бірақ су мұнаралары жаңартылған жоқ. Қосымша ұңғыма да қазылмады. Түнімен ұйықтамай суды күтеміз. Ол не ішкенімізге, не кір жуғанымызға жетпейді", – деді Шамалған ауылының тұрғыны Татьяна Кудасеевич.

Ауылды сумен қамтып отырған мекеме өкілі соңғы екі аптада су болмағанын растады.

"Екі апта бұрын бір ұңғыма істен шықты. Оны жөндедік. Бірақ су деңгейі төмен түсіп кетіпті. Яғни қайта тартуға тура келді. Ал суды кеше түнде бердік. Әрі біздің су бау-бақшаны суғаруға емес, ішуге арналған. Егер ел су сорғыларын пайдалануды және бақшасын суаруды қойса, мәселе шешіледі", – деді "Таусамалы-Қызмет" ЖШС өкілі Мұхтар.


Оқи отырыңыз: "10 күннен бері су жоқ". Ақтау тұрғындары ауыз суға зәру


Әкімдік өкілдері де тапшылық халық санының артуымен байланысты екенін жеткізді. Айтуларынша, жақында жаңа ұңғыма қазылады, қаржы дайын. Енді конкурс жарияланып, округтегі ауыз су мәселесі толық шешілмек. 

"Үлкен "Қаскелең су топтамасы" деген мемлекеттік бағдарлама бар. Осы бағдарлама аясында 2024 жылдың екінші жарты жылдығында Шамалған ауылына қосымша таудың суы келіп, сол арқылы су берілетін болады", – деді Шамалған ауылдық округінің әкімі Ержас Тоқтасынов.

Серіктестер жаңалықтары