Ақтаудағы "Шаңырақ" тұрғын үй кешенінде тұратын азаматтар 10 күннен бері су жоқ екенін айтып, шағымданды, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Тұрғындардың айтуынша, өңір халқы жыл сайын ауыз су тапшылығын көреді. Әкімдік өкілдері мен арнайы мамандар халықпен кездесуге бірнеше мәрте келгенімен, мәселе шешілер емес. Сондықтан, олар суды сырттан тасып ішіп отыр.
"Бір тамшы су да ақпайды, кірімізді жуа алмаймыз, дәретханаға су құя алмаймыз, ыдыс-аяғымызды жуа алмаймыз. Балаларымызды неше күннен бері біреудің үйіне тасып шомылдырып жүрміз, сөздің шыны керек. Ыстық су жоғына көндік, суды графикпен беретініне де көндік. Мүлде су жоқ деген дегенге не айтарымды да білмеймін", – деді Ақтау қаласының тұрғыны Гүлзира Айдабасова.
Оқи отырыңыз: "Жерге сіңген 1 млрд теңге": Түркістан облысында ауыл тұрғындары 7 жылдан бері ауыз суға зәру
Арна тілшісінің айтуынша, бүкіл өңірді тіршілік нәрімен, электр энергиясымен және жылумен қамтамасыз етіп отырған "МАЭК" кәсіпорнындағы жабдықтардың тозығы жеткен. "МАЭК" басшылығы соның кесірінен халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету қиын болып отырғанын айтады. Кәсіпорынды модернизациялау үшін республикалық бюджеттен 5 миллиард теңгеге жуық қаражат сұраған. Қазір ол мәселе қаржы министрлігінде қаралып жатыр.
"Модернизация бойынша өз жоспарымыз бар. Олардың жобалары дайын. Қазір сараптамада, жақын арада шығу керек", – деді "МАЭК" ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Мұрат Иғалиев.
Су тұшыту және дистиллят дайындау қондырғыларының жабдықтарын ауыстыру үшін облыстық бюджеттен 2,6 млрд теңге бөлінген.
Оқи отырыңыз: Маңғыстауда халықты ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған жобалар іске асып жатыр
Айта кетейік, "МАЭК" – Қазақстандағы тауарлық газдың ең ірі тұтынушысы. Оның тұтыну көлемі айына 130-180 миллион текше метрге жетіп отыр. Пайдаланылатын газдың құны кәсіпорын өндіретін өнімнің өзіндік құнының 60 пайызына теңескен.