Соңғы кездері құрсағын жалға беретін әйелдерге сұраныс артып, интернет желісінде де мұндай қызмет көрсететіндерді іздегендер саны көбейген. Қалтасы көтерген ерлі-зайыптылар суррогат анаға 12 миллион теңгеден астам ақша беруге дайын, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Денсаулық сақтау министрлігінің есебінше, қазір Қазақстанда ресми есепте сәби сүюді армандап жүргендер саны 20 мыңнан асады. Елімізде суррогат ана болуға ешқандай тыйым жоқ, өйткені бұл қызмет заңмен реттелген.
Мамандардың айтуынша, қазір оларды табу өте қиындап кеткен, өйткені жатырын "жалға беретін" құрсақ аналарға қойылатын талап жоғары.
"Денсаулығы жақсы, 34 жасқа дейінгі әйелдер ғана суррогат ана бола алады. Заң бойынша ол баланы дүниеге әкелгенде 35 жасқа толмауы керек. Сонымен қатар, суррогат ана болуға дейін дені сау бір баланы табиғи жолмен өмірге әкелген болуы міндетті. Ешқашан түсік жасамаған болуы тиіс. Бүгінде осындай талаптарға сай келетін суррогат ананы табу – өте қиын", – деді Алматы қалалық репродуктивтік медицина институтының репродуктолог-дәрігері Жанар Тайбағарова.
Дәрігерлер қазіргі уақытта елімізде бедеулік белең алып тұрғанын айтады. 20 мыңнан астам жанұя сәби сүюді армандап жүр. Олардың қатарында енді отбасы құрған ерлі-зайыптылар да бар. Мәселен, былтыр 26 жастағы шымкенттік келіншектің жатыры жоқ екені анықталған. Амалсыздан, суррогат ананың қызметіне жүгініп, дүниеге қыз бала келген.
Оқи отырыңыз: Жатырды жалға беру жөн бе? Құрсақ ана қызметі Қазақстанда бизнес көзіне айналып отыр.
Қазіргі уақытта құрсақ аналардың қызмет құны аспандап тұр. Тіпті бизнеске айналып кеткен. Сәби сүюге зар болғандар суррогат анаға 2-12 миллион теңге аралығында ақы беруге дайын.
"Суррогат ананың ақысына біздің қатысымыз жоқ. Ол отбасы екеуінің арасында нотариус арқылы жасалатын келісім-шарт. Келісім-шартта әркімнің міндеті жазылады. Мысалы, суррогат анаға ішімдік ішпеу, темекі шекпеу сияқты талаптар қойылады. Әрине, суррогат ана қызметінің тегін болғанын қалаймыз, бірақ онымен суррогат аналар келіспейді. Өйткені оларды қаржы мәселесі толғандырады. Жақын адамдары "құрсақ ана" болса, онда тегін, еш ақша алмайтын жағдайлар кездеседі", – деді Алматы қалалық репродуктивтік медицина институтының репродуктолог-дәрігері Жанар Тайбағарова.
Алматыдағы орталыққа суррогат ана іздеп келгендер саны жыл сайын артып келеді. Биыл 100 отбасы балалы болуды армандап жүр. Онымен қоса, Еуропа, Ресей Өзбекістан, Тәжікстан және Америка сияқты алыс-жақын шетелдерден ағылатындар көп.
Оқи отырыңыз: "Бедеулікті емдеудің ең тиімді жолы – ЭКО". "Аңсаған сәби" аясында тұңғыш нәресте дүниеге келді.