1995 жылы 28 қыркүйегінде Алматы қалалық адам ұрпағын өрбіту орталығында Бас дәрігер Тамара Жүсібалиеваның басшылығымен Қазақстандағы алғашқы экстракорпальды ұрықтандыру (бұдан әрі – ЭКО) зертханасы ашылды. 26 жыл ішінде бес адамнан тұратын ЭКО зертханасы 300 астам қызметкер жұмыс істейтін, үш дербес клиникасы бар ғылыми-тәжірибелік Репродуктивтік медицина институтына (РМИ) дейін өсті.
Репродуктивтік медицина институты – әлемдегі барлық ҚҚРТ әдістемелерін пайдалана отырып, кез келген генездің бедеулігі кезінде білікті медициналық көмектің толық циклін көрсететін Қазақстандағы жетекші ғылыми-диагностикалық орталық. 26 жылда РМИ-да перзент сүйгісі келген отбасында 16 000 астам бала дүниеге келді. Қосалқы репродуктивтік технологиялардың көмегімен дүниеге келген балалардың өздері бүгінде ата-ана атанып жатыр.
"Армандар орындалады" көрмесіне репродуктивтік медицина институтының 1995 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейінгі қызметін баяндайтын, жетістіктерін көрсететін құжаттар мен фотосуреттер қойылған. ЭКО-мен дүниеге келген балалардың да суреттері бар.
Көрменің ашылу салтанатына ЭКО бағдарламасы бойынша дүниеге келген балалар, сондай-ақ, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған "Аңсаған сәби" бағдарламасы аясында көптен күткен алғашқы сәбиі дүниеге келген отбасы қатысты. Дана Өмірбекова тоғыз жыл бала күткен. Үш жыл квота алуға кезекте тұрып, биыл "Аңсаған сәби" бағдарламасымен сәбиін дүниеге әкелді.
"Бармаған жеріміз жоқ. Басқа орталықтардан да ем алып жүрдік. Квотаны РМИ-ге берді, бірінші талпыныстан жүкті болдым. Қаншама жылдан кейін ата-ана атанғанымызға қуанып отырмыз. Бақыттымыз. Бағдарламаны жариялаған президентке, РМИ-ге, барша дәрігерлерге алғыс айтамыз. Квота көбірек бөлініп, біз секілді сәбилі отбасылар көбейсе екен дейміз. Баламның денсаулығы жақсы. Дүниеге келгеніне екі апта болды. "Қаншама жыл армандап жеттің ғой" деп есімін ата-әжесі Арман деп қойды", – деді Дана Өмірбекова.
Ол ЭКО-дан қорықпауды, бала сүйе алмай жүрген отбасыларға уақыт созбай репродуктологқа қаралу қажет екенін айтты. Жасанды ұрықтандырудың бас-қасында РМИ клиникасының репродуктолог-дәрігері Аяулым Қосетова жүрген.
"ЭКО арқасында дүниеге келген балалардың саны 25 000 жетті. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша "Аңсаған сәби" бағдарламасын жүзеге асырып, 7 000 квота бөлінді. Дана бедеуліктің жатыр түтіктік факторы бойынша үш жыл бойы кезекте тұрған. Президентіміздің квота бөлгенін естіп, бірден біздің РМИ клиникасына келіп, өзінің алғашқы мүмкіндігін пайдаланды. Осылайша ақпан айында жүкті болып, 15 қазанда дені сау ұл баланы дүниеге әкелді. Салмағы – 3156 гр, бойы – 52 см", – деді дәрігер.
Оның сөзінше, бедеулікті емдеудің ең тиімді жолы – ЭКО. Осы арқылы көптеген отбасы шаңырағын сақтап қалып, сәби сүйіп отыр.
"Қазақстанда әр алтыншы отбасы балалы бола алмағандықтан ажырасуға дейін барады. "Аңсаған сәби" бағдарламасы арқылы репродуктолог, эмбриолог, уролог-андролог, тағы да басқа дәрігер-мамандарымыздың көмегімен айтарлықтай нәтижеге жетіп отырмыз. 2020 жылы 1000 квота берілсе, 2021 жылы квота саны 7 есеге көбейді. ЭКО көмегіне жүгінгендердің 45%-ы жүкті болып, дені сау сәбиді өмірге әкеледі. Бұл өте жақсы көрсеткіш", – деді Аяулым Қосетова.
Мамандар бедеулік жас талғамайтынын айтады. Бірінші сәбиін табиғи жолмен босанып, екінші рет жүкті бола алмайтындар да бар. Оған жатыр түтікшесінің бітеліп қалуы, ерлер бедеулігі, қандай да бір операциялық манипуляциядан соң аналық безден айырылып қалу секілді жағдайлар себеп болуы мүмкін. Мұны медицинада екіншілік бедеулік деп атайды. Олар да квота кезегіне тұрып, ЭКО арқылы балалы болады.
Репродуктолог маман Ләззат Айтқожинаның сөзінше, әйелге мүлдем бала табуға болмайды деген медициналық қарсы көрсеткіш не психологиялық ауытқуы бар болса бала көтеруге тыйым салынады. Жатыры алынып тасталған әйелдер суррогат ана арқылы бала сүйе алады.
"ЭКО – өте қымбат бағдарлама. Құны миллион теңгеден асады, сол себепті бәрінің бірдей қолы жете бермейді. Квота арқылы ЭКО жасау, дәрілердің бәрі тегін. Жатыры жоқ, бірақ аналық жасушасы бар әйелдер суррогат анамен ақысын келісіп, бала сүйеді", – деді дәрігер.
РМИ-де 1996 жылы ЭКО арқылы дүниеге келген Алеся Шин 2019 жылы табиғи жолмен баласын босанды. Сондықтан мамандар "жасанды ұрықтану жолымен өмірге келгендер балалы бола алмайды" деген мифті жоққа шығарады.