Қытай Қазақстан азаматтары үшін визасыз режим енгізуі мүмкін, деп хабарлады ОКҚ баспасөз қызметі.
Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев ҚХР Мәдениет және туризм министрі Ху Хэпинмен кездесуінде мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайту және туризм саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.
Шахрат Нұрышев қазақстандық тараптың ҚХР азаматтары үшін 14 күндік мерзімге дейін визасыз режим енгізу жөніндегі жоспарын ескеріп, ҚР азаматтары үшін де ұқсас жағдай жасау мәселесін көтерді.
Өз кезегінде Ху Хэпин Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдениет және туризм саласындағы ынтымақтастықтың зор келешегі бар екенін ерекше атап өтті. Ол жыл соңында жоспарланған Қазақстан-Қытай ынтымақтастық жөніндегі комитетінің Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі кіші комитетінің 15-ші отырысы екі ел арасында мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуда маңызды рөл атқаратынына сенім білдірді.
"Сонымен бірге, ҚХР Мәдениет және туризм министрі Қазақстан Үкіметінің елдің туристік әлеуетін ашу бойынша қабылдап жатқан шараларын жоғары бағалады, сондай-ақ қытайлық тараптың мәдениет орталықтарды өзара құруға дайын екенін білдірді", – делінген ОКҚ баспасөз қызметінің хабарламасында.
Оқи отырыңыз: "Мың естігеннен бір көрген артық" – Қытайға бара қалсаңыз, адаспаудың жолын біліңіз