Тікелей эфир

"Мың естігеннен бір көрген артық" – Қытайға бара қалсаңыз, адаспаудың жолын біліңіз (басы)

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Қытайға барам деп басына пәле тапқандар бар. Сондықтан виза алудан бастап миллиардтар елінде қауіпсіз жүріп-тұру жағынын әуел бастан қамданып барған жақсы.

Атам қазақта: "мың естігеннен бір көрген артық" – дейді. Ел болып, еңсемізді тіктедік. Енді экономикамызды дамытып, әлемдік нарықта өз орнымызды табуымыз керек. Ол үшін әрине, біреудің жақсы жағын үйреніп, жаман жағынан жиренген жақсы. Алып Қытай – біздің көршіміз ғана емес, керектіні алып, артылып қалғанды сататын, жетістігіне тамсана да, сақтана да қарайтын, абайламасаң қақпанына түсіретін алып базар. Десе де білім мен ғылым іздеп немесе "қара қатын, сары баланың қамы үшін" зат тасып, сауда жасап жүрген азаматтарымыз да көп.

Қазақстан – Қытайдың Еуропа елдеріне шығатын қақпасы


Жаңа жібек жолы. Қазақтан Қытай мен Еуропаны байланыстырды

Жаңа жібек жолы. Қазақтан Қытай мен Еуропаны байланыстырды / Сурет baidu.com сайтынан алынды


Біздің жұрттың арасында қазір "Қара қытай қаптаса қайтеміз?" – деген үрей кезіп жүр. Әрине миллиард халқы бар ел толқыса көлден асқан судай басып кетері хақ. Сондықтан олардың тыныш болғаны, дамығаны бізге де жақсы. Миллиардты бағып отырған елден үйренеріміз өте көп. Сол үшін барып-көріп, біліп-түйген дұрыс. Салыстыра отырып, қажет деп тапқан жұмысты істеген дұрыс. Қытайлықтардың жұмыс ритмі мен өмір сүру дағдысын көріп, сезініп, психологиясын, танымын пайымдау керек.

Қытайды шақырып үйреттіргеннен, Қытайға барып үйрену еліміздің ұлттық қауіпсіздігі үшін өте ыңғайлы тәсіл. Сонда ғана оларға төтеп бере аламыз.

Біз осы мақсатта Барлық Шынғазы мырзамен бірге виза рәсімдеп қайттық. Қызықты мәліметтер де таптық.


Барлық Шынғазы виза аштыру үшін құжат тапсыруға келді

Барлық Шынғазы виза аштыру үшін құжат тапсыруға келді / Фото informburo.kz


"Жүргенге жөргем ілінеді"...

Ендеше Қытайға шығу үшін ең алдымен не керек?

Алдымен мақсат керек, сосын виза керек. Себебі, мақсатқа сай виза категориясын анықтаймыз.

Мүмкін оқығыңыз келетін шығар немесе зат әкеліп сатып, саудамен айналысу ойыңызда болса, өндіріс ашқыңыз келсе Қытайды бір көріп қайтқан дұрыс. Тіптен, әлде бір орайын тауып, Қазақстан заттарын Қытайға шығаруға жол ашуыңыз да мүмкін.

Кез-келген Қазақстан азаматы Қытайға баруға виза ала алады. Ол үшін ең алдымен төлқұжатыңыз болсын. Екіншіден, Қазақстанның «шетелге шығуға шектелген азаматтар тізімдігі» арасында аты-жөніңіз болмасын яғни санкцияға ілінбегеніңізді анықтап алыңыз. Өйтпегенде, виза алған күннің өзінде шекарадан кері қайтуыңыз әбден мүмкін.


Қытайдың Астанадағы елшілігі

Қытайдың Астанадағы елшілігі / Фото informburo.kz


Астанадағы Елшіліктің визалық қызметі тек дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері сағат 9:00 – 12:00 аралығында ғана қызмет көрсетеді. Төлемді "Казкоммерц банк" АҚ-ның "Бәйтерек" бөлімшесі арқылы төлей аласыз. Өйткені, Қытай елшілігінің келісімі бойынша осы бөлімше ғана бекітілген.


Хабарламалар.

Хабарламалар / Фото informburo.kz


Виза алу тәртібі

Қытайдың Қазақстандағы елшілігі Астана және Алматы қалаларында бар. Сіз төлқұжатыңызбен осы мекемелерге барып, Қытайға баруға виза алу үшін керек құжаттар жайлы біле аласыз немесе http://kz.china-embassy.org/rus/ сайтынан керекті мәліметті таба аласыз

Виза үшін керек құжаттар:

1. Төлқұжат (паспорт) және жеке бас куәлік.

2. Соттылығы болмағаны туралы анықтама.

3. Қытай жақтың шақыру қағазы (Қытайдан шақыру жіберуге танысыңыз болмаса делдал компанияларға жүгінсеңіз, өздері тауып береді).

Ескерту: Кей жағдайда "тіркеу анықтамасын" және бірінші рет Қытайға виза аштыруға келгендерден қаржылық төлем қабылетін дәлелдейтін "1000 АҚШ доллары көлемінде ақшасы бар екені туралы банктің анықтамасын" талап етеді.


Қытай елшілігінің қызмет көрсету залына осы есіктен өтесіз

Қытай елшілігінің қызмет көрсету залына осы есіктен өтесіз / Фото informburo.kz


Әдетте виза жеке тұлғаларға және 2 адамнан артық топтарға беріледі. Көруге, саяхаттауға баратындар көбінесе осы топтық визаны алады. Бағасы да жеке тұлғаларға берілетін визадан арзан. Мұнда шекарадан шыққанда және кіргенде сол топтағы барлық адамдардың бірге болуы шарт.

Визаның уақыты мен кіріп-шығу санына қарай бір мәртелік жане көп мәртелік деп бөледі. Мысалы, сіз 3 айға 1 мәрте не 1 жылға көп мәртелік виза аштыра аласыз. Бірақ қанша мәрте болса да Қытайға барған соң визаның категориясына сай Қытай ішкі істер органдарына тіркеліп, тиісті құжаттарды дұрыстаған жөн. Егер тұру уақытыңызды созғыңыз келсе, сол орындағы тиісті ішкі істер органдарының қызметіне жүгінесіз.

Егер жеке виза алғыңыз келсе, төлем құны қымбаттау болғанымен ыңғайлы. Яғни шекарадан кіріп шыққанда еркін боласыз.

Виза әдетте түрлі категорияларға бөлінеді. Оқу, жұмыс, саяхат, үкіметтік барыс-келіс, транзиттік қатарлы 16 түрге бөлінеді.

Суретке түсудің арнайы стандарты бар


2017 жылдан бастап визаға түсетін суреттің жаңа стандартын енгізді

2017 жылдан бастап визаға түсетін суреттің жаңа стандартын енгізілді / Фото informburo.kz

Туристік мақсатпен жүрген азаматтарға Бейжің, Гуаңжоу, Шанхай, Чэнду, Далян, Чуңшин, Шыниан, Күнмиң, Шиан, Гүйяң, Ухан, Ханжоу, Харбин, Шиамін деген қалаларда транзиттік визасыз 72 сағат аялдауына болады. Алайда олардың қолында ұшақ билеті болуы керек және оларға басқа транспорттарға отыруына болмайтындығы түсіндіріледі.

Қазақстандықтар Шиаңгаң (Ганконг) ерекше әкімшілік округіне 15 күнге визасыз бара алады.


Қытайдың ұлы құрылық және Шиаңгаң(Ганконг) ерекше аймағының виза анкетасы.

Қытайдың ұлы құрылық және Шиаңгаң (Ганконг) ерекше әкімшілік округінің виза анкетасы / Фото informburo.kz


Қазақстаннан Қытайға баратындар азайған, бірақ тұрақты тұрып жатқандар көбейген

Барлық Шынғазы (тарихшы, Астана медициналық колледжінің ұстазы): "Бұрын Қытайға виза алу үшін түнімен кезекке тұратынбыз. Ал қазір түске дейін бәрі бітіп жатыр. Виза алушылар екі түрге бөлінеді.

Біріншісі, Қытайдан Қазақстанға оралып, азаматтық алған, ұлты қазақ азаматтарына берілетін виза. Олар үшін Қытайда туысқандарының куәландырылған шақыртуы болуы керек. Немесе сонда тұратын тікелей ағайындарымен туыстығын растайтын құжат талап етіледі.

Екіншісі, басқалары. Олар үшін бару мақсатын айқындап, анкеталарды толтырыса жеткілікті".

Виза алуға көмектесетін делдал компаниялар да бар

Егер уақытыңыз тығыз болса немесе Астана мен Алматыдан басқа қалаларда тұрсаңыз виза алуға делдал компанияларға жүгінген дұрыс. Олар нақты қандай құжаттар керектігін түсіндіріп ғана қоймай, топтық визамен көруге баратындарға топ тауып береді. Сізді тек виза өткізуге қол қойғанда шақырады. Алайда виза алу тәртібі бұрынғыдан қатайған.

Делдалдардың бағасы 2 есеге қымбат. Біз осы байланыспен Алматыдағы және Астанадағы екі компанияға хабарластық.

Алматы: Топтық (5 адамнан жоғары) виза 19000 теңгеден. Жеке виза 85000 теңге, 1 жылға көп мәртелік виза 200000 теңгеден.


Әлеуметтік желідегі делдалдардың жарнамаларынан бір үзік

Әлеуметтік желідегі делдалдардың жарнамаларынан бір үзік / Автордың жасаған скриншоты


Астана: Топтық (5 адамнан жоғары) виза 12000 теңгеден. Жеке виза аша алмайды, 1 жылға көп мәртелік виза 200000 теңгеден.


F категориядағы қытай визасы.

F категориядағы Қытай визасы / Сурет visaget.ru сайтынан алынды.


Виза беру үшін саусақ ізін түсіріп, базаға енгізеді

Соңғы жылдардағы әлемде болып жатқан түрлі лаңкестік әрекеттерден кейін Қытай үкіметі де виза бергенде бармақ ізін түсіртіп, базаға енгізуді міндеттеді.

Виза рәсімделгеннен кейін 5 жұмыс күні ішінде дайын болады.


Бармақ табын түсіру аспабы

Бармақ табын түсіру аспабы / Сурет baidu.com сайтынан алынды


324 нөмірлі шекара қазығы – Қытай осы жерден басталады

Қытайдың ең батысындағы 324 нөмірлі шекара қазығына суретке түсу үшін әр күн сайын жүздеген турист келеді. Бұл қазық Қазақстанмен шекарадағы Қорғас кеден бекетінде орналасқан.


Қазақстан мен қытайдың қорғас өткеліндегі 324 нөмірлі шекара қазағы

Қазақстан мен Қытайдың Қорғас өткеліндегі 324 нөмірлі шекара қазығы / Сурет baidu.com сайтынан алынды


Виза алып болған соң, юаныңды қамда

Қытайға барар кезде ақшаны юанға айырбастап алған дұрыс. Бір юанның қазіргі бағамы 45-50 теңге айналасында.

Қытайда ақша алмастыратын орындар Алматы мен Астанадағыдай бұрыш-бұрышта кездесе бермейді. Сондықтан алдын ала айырбастап алған дұрыс. Шекара өткелдері мен үлкен қалаларда «Долларшы» деген атпен белгілі жеке ақша айырбастаушылар да болады. Алайда арасында алаяқтар көп, сақтанған дұрыс немесе өздерімен бірге банкке барып, олардың қолындағы ақшаны тексеріп алған тыныш.


Қытай шекарашылары

Қорғас өткеліндегі Қытай шекарашылары / Сурет baidu.com сайтынан алынды


Біреу зат беріп жіберемін десе, абайлаңыз

Қазақ қыздар педагогикалық университетінің 3-курс студенті Ақжарқын Тұрлыбаеваның Қытай мен Малайзия шекарасында "есірткі тасымалдады" деген күдікпен ұсталып, сотталғанын білесіздер. Ақжарқын қарындасымыздың айтуынша, ұшаққа отырар кезде бейтаныс азамат кішкентай қол жүгін ала кетуді өтініпті. Арты анадай жағдаймен аяқталды. Ақжарқын секілді от басқыларыңыз келмесе, біреудің беріп жіберген затын жеткізуде барынша абайлаған жөн. Қытайда есірткімен ұсталғандар не өлім жазасына кесіледі, не өмір бойына бас бостандығынан айырылады.


Қытайда сотталған Қазақ қыздар педагогикалық университетінің 3-курс студенті Ақжарқын Тұрлыбай

Қазақ қыздар педагогикалық университетінің Қытайда сотталған 3-курс студенті Ақжарқын Тұрлыбай / Сурет outube.kz сайтынан алынды


Мұндай оқиғалар Қазақстан мен Қытай арасында да болған деп еске алады екі ел ортасында жиі жүретін кәсіпкер Зейін Мидіхатұлы ағамыз. Десе де ұшақ арқылы, поезд арқылы жүк жеткізіп беретіндер әлі көп.

Зейін Мидхатұлы: "Біз пойызбен ұшақтағы таныстар арқылы керек заттарды алдырып тұрамыз. Десе де ала кетіңізші деп өтінген бейтаныс адамдардан қатты сақтанған дұрыс. Шынымен, көмектесіп, ала кетпек болсаңыз, ең абзалы беріп жібермекші затты анықтап қарап алған дұрыс және берген адамның құжаттарына бір үңіліп, барлық мәліметтерін толықтап біліп алу керек".

Қытайға ұшатын ұшақ, жүретін пойыз, автобустар жеткілікті

Пойызбен: Жолаушылар пойызы Алматыдан әр жексенбі кеште шығып 32 сағатта Үрімжі вокзалына жетеді. Ал Астанадан әр сенбі кеште шығып, Үрімжіге дейінгі қашықтықты 40 сағатта еңсереді. Жолақы 30000 теңгеден 40000 теңгеге дейін.

Ұшақпен: Қытай оңтүстік әуежолдары (China Southern Airlines) мен Астана әуежолдары (Air Astana), Шиаңгаң әуежолдары (Hong Kong Airlines) компанияларының ұшақтары әр күн сайын Үрімжіге (Қытайға) 3-4 рейстен қатынап тұрады. Негізінен Үрімжі, Бейжің, Шиаңгаң ерекше әкімшілік округі, Шиән (Сиань) қалаларына. Билет құны барып-келуімен 70 000 теңгеден басталады.

Автобуспен: Жеменей (ШҚО), Бақты (ШҚО), Қорғас (Алматы обл.), Алатау сағасы (Алматы Обл.), Алтынкөл сияқты шекара өткелдері арқылы әр күн сайын ондаған автобустар қатынайды. Солардың бірімен бара аласыз.


Алматыдан қытайға ұшатын реистердің 2017 жылы 12 мамыр күнгікестес

Алматыдан қытайға ұшатын рейстердің 2017 жылы 12 мамыр күнгі кестесі / Фото informburo.kz


Қытайлардың өз "ортақ тілі" бар

Қытайдың тілге қатысты мәселелері де жеткілікті. Ортақ тіл ретінде Бейжің диалектісін (шетелдіктер "мандарин" деп атап кеткен) қабылдаған. Себебі, әр провинцияның жергілікті өз диалектісі бар. Көп жағдайда олардың өздері бірінің сөзін бірі түсіне бермейді. Сондықтан, көп жерде "Ортақ тілде сөйлеңіз" деген жазулар ілінген. Басқа ұлттың тілін үйрену қытайлар үшін өте қиын. Себебі, тілдері буындық дыбысқа бейімделгендіктен жеке дыбыстарды айтуда қиналады. Сол себепті, тілді білген күннің өзінде қытайша акцентпен сөйлейтіндіктен түсіну қиын.

Қытайда ағылшын не орыс тілінің де кейде пайдаға асып қалатын кездері болады. Әуежайлар мен вокзалдарда ағылшынша нұсқаулар болғанымен халық негізінен ағылшынша сөйлемейді. Сондықтан сөзсіз тіл білетін адаммен бірге жүрген дұрыс. Тіпті болмағанда электронды аудармашыға сүйеніңіз. Алайда үлкен қалаларда тілсіз, серіксіз жүрген өте ыңғайсыз. Қандай болмасын жол көрсететін не ақылдасатын бірер адамның қасыңызда болғаны өзіңізге жақсы.


Мектептегі "ортақ тілде сөйлеуді" дәріптеген қабырға газет суреттері.

Мектептегі "ортақ тілде сөйлеуді" дәріптеген қабырға газет суреттері / Сурет baidu.com сайтынан алынды


24 сағат ішінде тіркелуді ұмытпаңыз

Шекарада құжаттарды рәсімдеп, ұшақтан немесе пойыздан түскеннен кейін ең алдымен өзіңіз тоқтаймын деп белгілеген қонақ үйге бет алыңыз. Әдетте халықаралық ұшақ рейстерінде кеденнен құжат рәсімдегенде автоматты түрде 1 айға уақытша тіркеу қойып береді, кейбір қалаларда бұл тәртіп орындалмайды. Мұны кеденнен шығар кезде анықтап алыңыз. Егер уақытша тіркеу қойылмаса, өзіңіз орналасқан қонақ үй тіркейді немесе шақырған тарап сол жердегі ішкі істер органына сізді апарып, тіркеуге тұрғызады. Мұнда тіркеусіз 24 сағаттан артық жүруге болмайды.


Бейжің Тиананмін сарайының алдындағы шарлаушы сақшылар

Бейжің Тиананмін сарайының алдындағы шарлаушы сақшылар / Сурет baidu.com сайтынын алынды


Жалғасы бар.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары