Астанада Оқу-ағарту министрлігінің Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаменті Ы.Алтынсарин акдемиясымен бірлесіп "Біртұтас білім беру бағдарламасы: құндылықтар және оларды қалыптастыру жоспары" атты республикалық семинар өткізді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігіің баспасөз қызметі хабарлады.
Семинарға республика педагогтері мен мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, әдіскерлер, білім басқармаларының өкілдері қатысты.
"Бала тәрбиесі – бүкіл қоғамның міндеті. Өскелең ұрпаққа ерекше көңіл бөліп, оларды игі істерге бағыттауымыз керек. Барлық оқу орындарында оқу-тәрбие процесін тиімді ұйымдастыру, балалардың бойына адами құндылықтарды сіңіру, мектеп пен отбасының өзара байланысын нығайту маңызды. Мектептердегі біртұтас тәрбие бағдарламасы осы мақсаттарға жетудің тиімді құралдарының біріне айналады", – деді ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Айта кету керек, республикалық семинардың 60 қатысушысы өз өңірлерінде тәрбие жұмысының тәлімгерлері болады. Сондай-ақ, екі күнге созылған шара аясында қатысушылар мектептегі оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыруда әлеуметтік тәжірибені қолдану мәселелері бойынша пікір алмасып, жан-жақты үйлесімді дамыған және әлеуметтік тұрғыдан жауапты тұлға қалыптастыру үшін оқу-тәрбие процесінің тиімділігін арттыру жолдарын талқылады.
Оқи отырыңыз: "Мектептің басты құжаты". Тоғжанов біртұтас тәрбие беру тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды.