20 миллионыншы азаматтың туған күні барлық қолда бар демографиялық деректерді, яғни Қазақстан Республикасына тұрақты тұруға келген және одан шыққан, туғандар мен қайтыс болғандардың санын ескере отырып анықталды. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.
Бұрын халық саны туралы мәліметтер қолмен өңделетін және бұл көп уақытты қажет ететін. Мемлекеттік ақпараттық жүйелердің интеграциясы бұл процесті жеделдетуге және 20 миллионыншы азаматтың туған күнін жоғары дәлдікпен және қысқа мерзімде анықтауға мүмкіндік берді.
Халықтың деректер базасының көрсеткіштеріне сәйкес, 2023 жылғы 14 қарашада таңғы сағат 8.10-да туған 5 бала еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанды. Қазақстанның мерейлі азаматтары Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүниеге келді. Олардың ішінде 3 ұл және 2 қыз бар.
Еске сала кетсек, 1991 жылы Қазақстан Республикасының халық саны 16,4 млн адамды құрады. Тәуелсіздік жылдарында ел халқы 22,3% өсті. Мәселен, 2022 жылы 1991 жылмен салыстырғанда туу саны 353,2 мыңнан 403,9 мың адамға дейін немесе 14,7% өсті.
Бала туудың ең жоғары мәні 2021 жылы тіркеліп, 446 мың баланы құрады. Табиғи өсімнің артуы, оның ішінде нәресте өлімінің азаюы нәтижесінде қамтамасыз етілді. Жалпы өлім-жітім 1991 жылғы 8,20-дан 2022 жылы 1000 тұрғынға шаққанда 6,8 адамға дейін төмендеді. Сәбилер өлімінің коэффициенті 3,5-тен астам есе төмендеді, 1991 жылғы 27,3 жағдайдан 2022 жылы туылған 1000 адамға шаққанда 7,7 жағдайға дейін.
Оқи отырыңыз: Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетті
Күтілетін өмір сүру ұзақтығы 1991 жылмен салыстырғанда 2022 жылы 6,8 жылға өсті, бұл ретте ерлер арасында – 7,7 жылға, әйелдерде – 6 жылға өсті. Осылайша, 2022 жылы Қазақстанда күтілетін өмір сүру ұзақтығы 74,4 жылды құрады.
Бұл көрсеткіш пандемияға дейінгі деңгейден 1,3 жылға асады.