Ақтау әкімдігі Каспий жағалауынан аймақ туризмін дамытуға бөлінген 21 жер телімін кәсіпкерлерге негізсіз үлестірген. Ал жерді пайдалануға алған кәсіп иелері жерді сатып жіберген. Бұл туралы 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы хабарлады.
Әкімдік кәсіпкерлердің бұған дейін игерілмеген жеріне қосымша жер телімдерін беріп келген. Мәселен, бір кәсіпкер жағажайдан қонақ үй салу үшін аумағы 1,5 гектар жер, артынша тағы 1,4 гектар жер алған. Оны өзі игермеген күйі басқа адамға сатып жіберген.
Оқи отырыңыз: "Жоғары соттың шешімі бар". Алматыда кәсіпкер 16 сотық жерді заңсыз иеленіп алған
Мамандар осыған ұқсас дерек аз емес деп отыр. Тіпті, бұл істе сыбайлас жемқорлық тәуекелі болуы мүмкін екенін де айтты. Алайда, Ақтау қаласының әкімдігі бұған қатысты түсінік берген жоқ.
"Туризмді дамытуға арналған 21 жер телімі кеңейту деген сылтаумен негізсіз берілгені анықталды. Қазіргі таңда Маңғыстау облысының жер ресурстарын басқару департаментіне енгізілген ұсынымға сәйкес жалпы көлемі 43 гектарды құрайтын жер телімін мемлекетке қайтару мәселесі бойынша сотқа талап-арыз беріліп жатыр", – деді Маңғыстау облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының міндетін атқарушы Шамұрайт Шаменов.