Алматылықтар осыдан үш жыл бұрын Жоғарғы сот шығарған үкім орындалмай жатыр деп наразы. Айтуларынша, кооперативке көрші тұратын кәсіпкер тұрғындарға тиесілі 16 сотық жерді, мемлекет меншігіндегі 2 гектар алқапты заңсыз рәсімдеп екі қойма салып тастаған. Жергілікті тұрғындар телімді қайтару үшін сотқа арызданған. Аудандық сот та, Жоғары сот та кәсіпкеркерді заңсыз тұрғызған ғимараттарды бұзуға міндеттеген. Бірақ нәтиже жоқ, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
"3 жылдан бері сот үкімі орындалмады. Бірнеше ай бұрын сот орындаушылары келіп, нысандарды сүрмек болғанда әкімдік өкілдері мен полицейлер келеді. Прокуратура өкілдері жүреді. Құжатты тексереді. Бәрі дұрыс. Бірақ жұмыс тоқтап қалады. Түк те түсініксіз", – дейді Алматы қаласының тұрғыны Анатолий Саприн.
Тұрғындар аталған жер телімін қайтарып алып, оған жол, балалар ойнайтын алаң салмақшы. Себебі қазір кешенде 340-қа жуық түтін тұрады. Көлік те көп. Есесіне, трассаға шығатын екі-ақ жол бар. Сондықтан жерді қайтарып, қысқа жол салмақ.
"Ғимараттарды сүріп, тазартса, жол төсеп алар едік. Бізге қажеті де, ыңғайлысы да сол. Сосын маңайын абаттандырып, балаларға арналған ойын алаңын салмақпыз. Өзіңіз ойлаңызшы, бұл масқара ғой. Қолда сот шешімі бар. Бірақ қимыл жоқ", – дейді Василий Мазуренко.
Оқи отырыңыз: "Балалар тобан аяқ болады". Жамбыл облысында футбол алаңдары бір жыл өтпей жарамсыз күйге түскен
Алматы қаласы Наурызбай аудандық сотының шешімімен, Алматы облысы Қарасай ауданыны әкімдігінің қаулысы заңсыз деп танылып, күші жойылған. Әйтиева Гүлшат Телманқызы ғимараттарды яғни, кооператив шекарасына дейінгі бетон дуал мен аумағы 500 шаршы метрлік сарай және 550,4 шаршы метрлік қойманы бұзуға міндеттелген..
Осы шешімнен соң кәсіпкер аппеляциялық сотқа арыз түсіріпті. Бірақ сот тұрғындар талабын заңды деп таныған. Сосын бизнесмен Жоғарғы сотқа "Наурызбай аудандық сотының шешімін қайта қарау туралы" өтініш жазған. Жоғарғы сот та арызды қанағаттандырмапты. Дегенмен мамыр айында нысанды сүруге келген сот орындаушыларының жұмысы жарым жолда тоқтаған.
Арна тілшілері аталған іске қатысты бизнесменнің пікірін білу үшін сенімді өкіліне хабарласқан. Ол пікір білдіруден бас тартқан. Ал ашынған ел Қасым-Жомарт Тоқаевтан заңды күші бар үкімнің орындалуын жеке бақылауына алуды сұрайды.