
Рамазан айының келуімен бірге елімізде ауызашар беру дәстүрі қыза түседі. Ағайын-туыс пен дос-жаранды шақырып, дастархан жайып, бірге ауыз ашу – қазақы салт пен мұсылмандық әдебімізге сіңген жақсы үрдіс. Алайда соңғы жылдары бұл ізгі амалдың мәні өзгеріп, ауызашар беру сән мен бәсекеге, әлеуметтік желідегі көрсетілімге айналып бара жатқандай. Бұл үрдіс Рамазан айының негізгі құндылықтарына қаншалықты сай? Informburo.kz аузашар мәдениеті туралы "Ақсай" мешітінің имамы Бақтияр Қасымалиевтің пікірін білді.
Ауызашардың негізгі мәні қандай?
Ауызашар – мұсылмандардың күн батқан соң, оразасын ашып, шүкіршілік ететін сәті. Оның басты мақсаты – адамдардың бірлігі мен бауырмалдығын арттыру, мұқтаж жандарға жәрдем беру және рухани тазару.
"Ауызашар берудің сауабы мен әдебі – айлардың сұлтаны Рамазан айында Алла Тағаланың пенделеріне нәсіп еткен шексіз мейірімінің бір айғағы. Бұл айда Аллаға мойынұсынған жұмыр басты пенделерге сауап жинауға өте көп мүмкіндік берілген. Бұл туралы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінің бірінде: "Мұсылмандар үшін бұл айдан қайырлы ай жоқ", – дейді. Міне, осы хадисте айтылғандай, Рамазан айында шексіз мейрімді Жаратушы Жаппар Иеміз жасалған игі істердің сауабын еселеп беріп, Өзінің жомарттық сипатын айдай әлемге паш етеді", – деді имам Бақтияр Қасымалиев.
Ауызашар дастарханы қандай болуы керек?
Қазіргі қоғамда ауызашар өткізу мәдениетінде екі түрлі көзқарас қалыптасқанын байқаймыз. Бірі – қарапайым түрде дастархан жайып, ораза ұстаған жандарға шын жүректен қызмет ету болса, екіншісі – мейрамханаларда үлкен кештер ұйымдастырып, блогерлерді шақырып, әлеуметтік желілерде жарыса бөлісу.
Кейбір жағдайларда бұл үрдіс діни рәсімнен гөрі маркетингтік науқанға көбірек ұқсайды. Адамдар ауызашарды сауап үшін емес, танымал болу немесе бедел жинау үшін өткізетіндей көрінеді.
Алайда имам ауызашар беру үшін ас та төк дастархан жаю міндетті емес екенін айтады.
"Рамазан айы келісімен көбіміз ауызашар беруге асығамыз. Ауызашар беру – өте үлкен сауап. Жолда кетіп бара жатып, кез-келген аузы берік адамға бір дана құрма берген адам ауызашар беру сауабына қауышады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл айда аузы берік бір адамға ауызашар берген адамның күнәлары кешіріліп, сол ораза ұстаған адамның алған сауабындай сауап алатынын айтқанда сахабалардың кейбірі бір адамға да ауызашар беретіндей жағдайы жоқ екенін айтқан екен. Сонда Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Бір дана құрмамен ауызашар бергенге де, тек сумен ғана оразасын аштырғанға да, кішкене сүт бергенге де осы сауап жазылады", – деп жауап берген (Бәйһақи). Тағы бір хадисте: "Ауыз бекіткендер тамақ жеп отырған уақытта тойғанға дейін ауызашар берген адамға игілік тілеп тұрады" делінген. Міне, бұл хадистерден байқағанымыздай, ауызашарда дастарханның аста төк болуы міндетті емес, әркім жағдайына қарай берсе болады. Ең бастысы Алланың разылығын алу ниеті болса болғаны", – дейді имам.
Ауызашар береке-бірлікті арттырады
Имам Рамазан айы – мұсылмандар үшін тек ораза ұстап, құлшылық ететін ғана емес, өзара қарым-қатынасты нығайтып, бауырластықты арттыратын қасиетті кезең екенін еске салды. Бұл айда дастархан жайып, ауызашар беру – қазақ халқының да көнеден келе жатқан игі дәстүрі.
"Мұсылмандардың бір жерде бас қосуы – адамдар арасындағы бауырмалдықты арттырады. Ал ауыз аштыру – ағайын-туыстың, жора-жолдастың, көрші-қолаңның қуанышта бас қосатын сәті. Сол қуанышқа, әрине, ауызашар берген адам себепкер болары сөзсіз", – дейді Бақтияр Қасымалиев.
Сонымен қатар мешіттерде де ауызашар ұйымдастыру дәстүрге айналған. Жамағат бір дастархан басында бас қосып, бірге ауыз ашады. Имамның айтуынша, бұл тек тамақтану емес, рухани сұхбаттасу, иман күшейту, ізгі амалдар мен сауапты істерге үндейтін шараға айналған.
"Жай ғана ауызашар беріп қоймай, рамазан мен ораза туралы сұрақтарға жауап беріліп, ұлттық ойындар ойнатылып, жастарға тағылымды насихат айтылып жатады", – дейді имам.
Ауызашарды "ифтар" деген дұрыс па?
Рамазан айы жақындаған сайын оразаға қатысты сөздік қорымызда араб тілінен енген кейбір сөздер жиі қолданыла бастайды. Әлеуметтік желілерде де "ифтарда бас қосайық", "сухурда мынадай ас жейміз" деген жазбалар көбейеді. Осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы барша мұсылманды діни терминдерді қазақша дұрыс қолдануға шақырды.
"Өкінішке қарай, кейбір жас буын өкілдерінің ауызашарды – "ифтар", сәресін – "сухур" деп айтып жүргені көңілге қаяу түсіреді. Сан ғасырдан бері мұсылмандық жолды ұстанған ата-бабаларымыз "ауызашар", "сәресі "деген сөздерді қолданған. Біз де бабалар жолын ұстанған ұрпақ ретінде өзге тілден енген діни терминдерден барынша аулақ болып, өзіміздің ата-бабамыздан қалған жақсы сөздерді қолданайық",- деді бас мүфти Астанада өткен баспасөз жиынында.
Сонымен қатар бас мүфти кәсіпкерлерді Рмазан айында сауап жинауға шақырды.
"Қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірін халыққа ыңғайлы бағамен ұсыну да – сауапты істің бірі. Бұл айда тек табысқа кенелуге емес, ең бастысы Хақтың разылығы мен халықтың алғысын алуға асыққан абзал. Дүкендерде күллі жамандықтың бастауы болған арақ-шарап сатылмаса деген тілегімізді жеткіземіз", – деді бас мүфти.
Еске салайық, биыл Рамазан айы 1 наурызда басталады. Ал наурыз айының 26-нан 27-не қараған түн – Қадір түні. 30 наурыз – Ораза айт мерекесі. Пітір садақасы еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 655 теңге болып бекітілді.
Оқи отырыңыз:
- Ораза-2025: Қалай ниет етіп, сәресі мен ауызашар ішеміз? 12 сұраққа жауап
- Ораза-2025: Бірінші тарауық намазы 28 ақпанда оқылады
- Ораза-2025: ҚМДБ підия садақасының мөлшерін белгіледі
- Ораза-2025: Қазақстан қалалары мен елді мекендерінің кестесі
- ҚМДБ ораза қарсаңында арнайы Telegram ботын іске қосты