ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 5 қаңтардағы 16 сағат 00 минут пен 2022 жылғы 19 қаңтардағы 00 сағат 00 минут мерзімі кезеңінде Нұр-Сұлтан қаласының шекараларында төтенше жағдай енгізу туралы қаулыға қол қойды.
Нұр-Сұлтан қаласының коменданты болып қалалық Полиция департаментінің бастығы Ержан Сапарбекұлы Сәденов тағайындалды.
Төтенше жағдайға орай, қалалық комендатура құрылады. Оған "Төтенше жағдай туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген өкілеттіктер беріледі. Сонымен қатар, 19 қаңтарға дейін 23:00 - 07:00 аралығында коменданттық сағат болады.
Төтенше жағдайдың күшінде болуы кезеңінде бірқатар шаралар мен уақытша шектеулер белгіленді:
- қоғамдық тәртіптің сақталуы, аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық объектілердің, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігін және көлік қызметінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін объектілердің күзетілуі күшейтіледі;
- Нұр-Сұлтан қаласында жүріп-тұру, оның ішінде көлік құралдары қозғалысының еркіндігіне шектеулер белгіленеді;
- жеке тұлғалардың жеке басын куәландыратын құжаттарды тексеру, оларды жеке тексеру, олардың заттарын, көлік құралдарын тексеру қамтамасыз етіледі;
- Нұр-Сұлтан қаласына кіру, сондай-ақ одан шығу шектеледі;
- бейбіт жиналыстарды, ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салынады;
- ереуілдерге және заңды тұлғалардың қызметін тоқтата тұрудың немесе тоқтатудың өзге де әдістеріне тыйым салынады;
- қару, оқ-дәрі, жарылғыш заттар, арнаулы құралдар, улы заттар сатуға тыйым салынсын, дәрі-дәрмектің, есірткі заттардың, психотроптық заттардың, прекурсорлардың, сондай-ақ этил спиртінің, алкоголь өнімдерінің айналымына ерекше режим белгіленеді;
- жеке тұлғалардан қару мен оқ-дәріні, улы заттарды уақытша алып қою, ал заңды тұлғалардан қаруға, оқ-дәріге және улы заттарға қоса әскери және жауынгерлік оқу техникасын, жарылғыш және радиоактивті заттарды уақытша алып қою қамтамасыз етіледі.
Қолданылатын шаралардың іске асырылуына Нұр-Сұлтан қаласының комендатурасы, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі жауапты болады.
"ҚР Бас Прокуроры осы Жарлықта белгіленген шаралар мен уақытша шектеулерді іске асыру кезінде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етсін. ҚР Үкіметі төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету үшін ҚР Үкіметінің резервінен қажетті қаражатты бөлсін", деп жазылған қаулыда.
Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Айта кетейік, бүгін Маңғыстау және Алматы облысында, Алматы қаласында да төтенше жағдай енгізілді.
Оқи отырыңыз:
Алматы облысында төтенше жағдай енгізілді
Төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты қазақстандықтарға 42 500 теңге төлене ме