Тікелей эфир

"Елбасы медалінің" атауы "Ел үміті" болып өзгереді

Медальді енді Оқу-ағарту министрлігі табыстайды.

Ашық НҚА порталында жарияланған Үкімет қаулысының жобасына сәйкес, бұрын "Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры" табыстап келген "Елбасы медалін" енді "Ел үміті медалі" деп атау жоспарланып отырғаны белгілі болды. Сондай-ақ, енді аталған медальмен марапаттау іс-шараларын Оқу-ағарту министрлігі ұйымдастырады.

Өзгерістерді енгізуге 2023 жылғы 13 ақпанда "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы" ҚР Конституциялық заңының күшi жойылуы себеп болған.

Сондай-ақ, Қазақстанда жастар санатында жататын адамдардың жасының ұлғаюына байланысты енді "Ел үміті" медалімен 14 жастан 35 жасқа дейінгі (бұрын 29 жаспен шектелетін) қазақстандықтар марапатталады.


Оқи отырыңыз: 


Айта кетейік, "Ел үміті медалі" – жастардың патриоттық пен белсенді азаматтық ұстанымы үшін берілетін ерекшелік белгісі. Медальдің қола, күміс және алтын түрлері бар.

Еске салайық, "Елбасы медаліне" құрылтайшылық етіп келген "Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры" ақпан айында атауын Nursultan Nazarbayev qory деп өзгерткен болатын.

Қаулы жобасын талқылау мерзімі – 2 мамырға дейін.

Серіктестер жаңалықтары