Тікелей эфир

Екі жылда 10 мың бала дүниеге келген: "Аңсаған сәби" бағдарламасы 2030 жылға дейін ұзартылады

Репродуктивті медицинада алдағы уақытта жасанды жатыр пайда болуы мүмкін.

Елімізде әр алтыншы отбасы бедеулік зардабын тартып отыр. Оған экологияның нашарлығы, әйел мен еркек денсаулығындағы кінәраттар себеп. Сондықтан ЭКО әдісіне жүгінетіндер саны артып барады. 2021 жылы елімізде үш жылға арналған "Аңсаған сәби" бағдарламасы қабылданып, мемлекеттік квотаның саны жеті есеге артты, деп мәлімдеді Қазақстан репродуктивтік медицина қауымдастығы президенті Вячеслав Локшин. Бұл туралы ол Алматыда өткен "Бедеулікті емдеудің заманауи жолдары. Бүгінгі және болашақ қосалқы репродуктивтік технологиялар" атты XV халықаралық конгресте айтты. 

Репродуктологтың айтуынша, үш жылдық бағдарламаның нәтижесі жаман емес. 2021-2023 жылдар аралығында 21 мың отбасы ЭКО жасатып, 10 мыңнан астам бала дүниеге келген.

"Бұл үлкен көрсеткіш. Енді "Аңсаған сәби" бағдарламасы 2030 жылға дейін ұзартылады. Яғни алдағы жеті жылда бедеулікке шалдыққан 49 мың отбасы аталған бағдарламаға қатысып, ата-ана бақытын сезінуге мүмкіндік алады. Біз алдағы уақытта да жыл сайын міндетті медициналық сақтандыру қорының қаражаты есебінен 7000 ЭКҰ жасауды ары қарай жалғастырамыз", – деді Вячеслав Локшин.


Оқи отырыңыз: 30 жылда ерлердің ұрығы 3 есе әлсіреген. Бедеуліктің емі бар ма?


Жиында соңғы 15 жылда елдегі репродуктивті медицина деңгейінің даму қарқыны, әлемдік жаңа технологиялардың қолданысқа енгізілуі сияқты мәселелер талқыланды. Осыдан он жыл бұрын қолданылған әдістер бүгінде түрленіп, жаңа технологиялар енгізілді. Ауыз толтырып айтарлық жетістіктің бірі – жасанды интеллект. Яғни эмбриоскоп таймлапс режимінде сау эмбрионды таңдап, оның даму барысын бақылап отырады. Әр 5-10 минут сайын эмбрионды суретке түсіріп, дәрігерге әр өзгеріс туралы ақпарат беріп тұрады.  

Генетик Марат Отарбаевтың айтуынша, мұндай жасанды интеллект эмбриолог, генетик мамандарға үлкен көмегін тигізіп отыр.

"Жасанды интеллект эмбрионды жатыр қуысына енгізбес бұрын, бес күн ғана толған эмбрионға диагностика жасап, тұқым қуалайтын аурулардың алдын алуға мүмкіндік береді. Осындай жаңа технологияларды енгізу, басқа елдің тәжірбиесіне үңілуде бүгінгідей халықаралық конгрестің пайдасы зор", – деді генетик Марат Отарбаев.

Әлемдік репродуктивті медицина жатыр трансплантациясы, эмбрионды, баланы жасанды жатырда өсіру сияқты әдістерді енгізіп жатыр.


Оқи отырыңыз: "Бедеулікті емдеудің ең тиімді жолы – ЭКО". "Аңсаған сәби" аясында тұңғыш нәресте дүниеге келді


Мысалы, Швецияда жатыр трансплантациясы жасалған. Бұған қатысты м.ғ.д., профессор, репродуктолог Вячеслав Локшин мынадай пікір білдірді:

"Жатыр трансплантациясы өте күрделі операция, оған үлкен дайындық керек. Бөтен жатырды әйелдің ағзасы қабылдай ма, жоқ па, ол үшін ұзақ мерзімге дәрілер тағайындау сияқты қиындықтар бар. Трансплантацияға қарағанда жасанды жатырды пайдалану әдісінің болашағы зор дер едім. Дүниежүзінде бұл әдіске қызығушылық үлкен. Әзірге ғалымдар жасанды сиыр жатырына эмбрион өсіріп, одан туған бұзауға бақылау жасап жатыр. Сондықтан репродуктивті медицинада  алдағы уақытта жасанды жатыр пайда болуы мүмкін", – деді профессор. 

Серіктестер жаңалықтары