Сенат депутаты Ақмарал Әлназарова "Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының" жағдайы өте мүшкіл, қиын екенін айтып, премьер-министр Әлихан Смайыловқа депуттаттық сауалын жолдаған болатын.
"1975 жылғы салынған, медициналық қызметке басынан бейімделмеген ғимараттың 5 корпусының, біреуі ғана 12 жыл бұрын күрделі жөндеуден өткен, ал қалғандарына мүлдем жүргізілмеген. Вентиляция және медициналық газбен жабдықтау жүйесі жоқ. Кәріз, жылыту және құбыр жүйелерінің толық тозығы жеткен. Орталықтағы негізгі медициналық құрал-жабдықтың тозуы 71%-ды құрап отыр, ал жалпы құрал жабдықтардың 40%-ның тозуы 100%-ға жеткен", – деді депутат.
Оның сөзінше, босану кызметіне төленетін тарифтер емдеуге кеткен нақты шығындарды жабуға мүмкіндік бермей отыр.
Оқи отырыңыз: Қазақстанның қай өңірлерінде және қандай сала дәрігерлері тапшы?
Әлихан Смайыловтың жауабында 2021 жылдан бастап денсаулық сақтау субъектілері қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен арттыруды ескере отырып, медициналық қызметтердің тарифтері қайта қаралатынын айтты. Осы шаралар шеңберінде босандыру қызметінің тарифтері орта есеппен 2 еседен астам өскен. 2018 жылы 85 мың теңге болса, 2022 жылы 190,8 мың теңгеге жеткен. Бұдан басқа, түзету коэффициенттері бекітілген.
Премьер-министрдің сөзінше, "Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығын" ҚазҰМУ құрамынан шығару көзделіп отыр.
"Орталық "Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті" КЕАҚ құрылымына кіреді. Орталықтың инфрақұрылымын қаржыландыру және жақсарту мәселесін кешенді шешу үшін оны ҚазҰМУ құрамынан шығару және меншіктің ұйымдық нысанын өзгерте отырып, Денсаулық сақтау министрлігіне ведомстволық бағынысқа беру мәселесі қаралып жатыр", – деді ол.