Коронавирус пандемиясының үшінші қысы келе жатыр. Осыған байланысты ғалымдар жұртшылық пен үкіметті коронавирустың жаңа толқындарына дайын болуға шақырды, деп жазды Reuters.
Басылымның жазуынша, Вашингтон университетіндегі Денсаулықты өлшеу және бағалау институтының пандемияны бақылайтын тәуелсіз модельдеу тобының (IHME) басшысы Крис Мюррей осы қыста тек АҚШ-тың өзінде күніне миллионға жуық адам инфекция жұқтыруы мүмкін екенін айтқан. Бұл қазіргі күнделікті көрсеткіштен шамамен екі есе көп.
"Десе де вакцинация мен қалыптасқан иммунитет, ауруды жеңіл өткеру, вирустан тиімді емдеу әдістерінің болуына байланысты коронавирустан болатын өлім-жітім мен ауруханаға жатқызу деңгейі өсуі екіталай", –дейді сарапшылар.
Оқи отырыңыз: Маймыл шешегі пандемияға әкеле ме? Ресей вирусологы баға берді
Осыған байланысты елдер COVID-тің төтенше фазасынан қашан шығады және вирус қашан эндемиялық ауруға айналып, вакцинация деңгейі жоғары жерлерде маусымдық індетке айналатыны туралы сауалдар туындайды.
Көптеген сарапшылар бұл өзгеріс 2022 жылдың басында болады деп болжаған еді. Бірақ коронавирустың "Омикрон" штаммының пайда болуы бұл болжамды жоққа шығарды.
"Біз "пандемия аяқталды ма?" деген сауалдан бас тартуымыз керек", – дейді Лондон гигиена және тропикалық медицина мектебінің эпидемиологы Адам Кучарски.
Джонс Хопкинс Блумберг қоғамдық денсаулық мектебінің жұқпалы аурулар эпидемиологы Дэвид Дауди да әріптесінің пікірімен келіседі.
Оқи отырыңыз: Пандемия кезінде жүкті әйел қолдануы тиіс сақтық шаралар. Екпені қашан алған дұрыс?
"Бұл пандемияның болашағын болжай аламын дейтін кез келген адам өзіне тым сенімді немесе өтірік айтады", – дейді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлі де жаңа толқындарға вакцинациядан бастап, тестілеу, әлеуметтік арақашықтық немесе бетперде кию сияқты барлық жағынан дайын болуға үндейді.