Қазақстандағы шағын және орта кәсіппен айналысатын бизнесмендердің банктен алған қаражаты 8 триллион теңгеге жуықтаған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Ұлттық банк дерегінше, бизнес жүргізуге берілген қаржы көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда шамамен 1 триллион теңгеге артық.
Қарыз алу бойынша Алматы көш бастап тұр. Қаладағы кәсіпкерлерге 3,5 триллион теңгеден астам ақша аударылған екен. Алғашқы үштікке 1 триллион теңге қарызы бар Астана мен 388 миллиард теңге несие алған Шымкент қаласының шағын және орта бизнес өкілдері кірген.
Сонымен қатар алдыңғы шепте 259 миллиард теңге кредиті бар Қарағанды мен Ақтөбе облыстарының бизнесмендері тұр. Несие алу бойынша ең төмен көрсеткіш Түркістан мен Ұлытау өңірлерінде тіркелген. Салалар бойынша банктен ақша көбіне өнеркәсіп саласына алынған. Оған жалпы 2 миллиард теңгеден астам қаражат кеткен.
Экономистердің айтуынша, бүгінде кәсіпке деп қаражат алып жатқандардың 90 пайызы ақшаны басқа мақсатта жаратып жатыр.
“Біреулер қайтарымсыз несиені алып жатыр. Оған құрал-жабдық аламын дейді. Біреулер бизнесін дамытуға алады дегендей. Қандай мақсатта алды соған байланысты есептер көрсету керек. Тексерісті қадағалаудың басқа механизмін қарастыру керек. Сонда ғана салынған қаржы қайтарымсыз берілген несиенің мақсатты түрде жұмсалуына мүмкіндік береді”, – деді экономист Асылбек Күздеубаев.