
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов "Егемен Қазақстан" басылымына берген сұхбатында Сенат депутаттарының қарауына өткен "Дене шынықтыру және спорт туралы" заң жобасының ерекшеліктері туралы айтты.
"Заң жобасында отандық спортқа оң өзгерістер әкелетін маңызды жаңашылдықтар қамтылған. Біріншіден, басым спорт түрлерін анықтаймыз. Оларды рейтинг негізінде емес, Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия, Пара Азия ойындарының нәтижесімен қалыптастырамыз. Қазір елімізде 180-нен астам спорт түрін дамытуға күш салынып отыр. Бұлардың барлығы бойынша спорт резерві даярланады. Бірақ жыл сайын 13 жазғы, 5 Қысқы олимпиадалық спорт түрінен ғана медаль бұйырады. Осының бәрі – спортшыларды даярлау жүйесіндегі сәтсіздіктердің салдары", – деді Ербол Мырзабосынов.
Оқи отырыңыз: Қысқы Азия ойындары – 2025: Қазақстан кімдерге үміт артып отыр
Министрдің айтуынша, жыл сайын уәкілетті орган ретінде Балалар-жасөспірімдер спорт мектептері мен мектеп-интернаттарға арналған шығындардың өскенін байқалған. Шығынның көп бөлігі олимпиадалық емес спорт түрлеріне жұмсалады. Заң жобасын әзірлеу барысында жақын (Өзбекстан, Беларусь), алыс шетелдердің (Ұлыбритания, Германия, Норвегия) халықаралық тәжірибесі зерттелген.
"Заң жобасына сәйкес спорт федерацияларының қызметі де өзгереді. Қазіргі уақытта жергілікті, өңірлік, республикалық федерациялар жеке субъект саналады. Олар бір-біріне бағынбайды. Тиісінше, спортты дамытуда тәуелсіз саясат жүргізеді. Осының бәрі мүдделер қақтығысына, жауапкершіліктің босаңсуына, спортты дамытудың баяулауына әкеледі. Ұсынылып отырған модель жергілікті федерациялардың аккредиттелген республикалық (өңірлік) спорт федерацияларына бағыныштылығын көздейді. Осыған байланысты заң жобасы аясында жоғары жетістіктер спортына жататын бағыттарды нақты шектеу ұсынылады. Бұлар – Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия, Пара Азия ойындары бағдарламасына енгізілген спорт түрлері, сондай-ақ ұлттық спорт түрлері. Олардың ішінде медаль нәтижесі жоғары спорт түрлері басым спорт түрлеріне қосылады. Тиісінше, республикалық әрі жергілікті деңгейде бірінші кезекте қаржыландырылады", – деді министр.
Оқи отырыңыз: Париж Олимпиадасының қазақстандық жүлдегерлері комикс кейіпкерлеріне айналды
Жаңа заң жобасына сәйкес, спорт резерві тек жоғары жетістіктер спорты бойынша даярланады. Бұл жұмыс уәкiлеттi орган бекiтетiн спорттық даярлықтың ұлттық стандарттарына сәйкес қатаң жүргiзiледі.