![Қысқы Азия ойындарының бойтұмарлары – Бинбин мен Нини. Фото: Photo/CGTN](/storage/photos/83/main/01JK893WVFNTP66Q8T2P3T439X.jpg)
Қытайдың Харбин қаласында 7-14 ақпан аралығында қысқы Азия ойындары өтеді. Харбин екінші рет Азиаданы өткізгелі отыр. Ұлттық құрама споршылары алғаш рет 1996 жылы Харбинде өткен қысқы Азия ойындарына қатысқан болатын. Қазақстан 2011 жылы дүбірлі доданы қабылдап, споршылар Астана мен Алматыда бас қосты. Одан кейін 2017 жылы Саппорада өтті. Енді міне, сегіз жылдан соң Харбинде Азиада алауы тұтанбақ.
Қысқы Азия ойындары ресми түрде 7 ақпанда ашылғанымен, іріктеу жарыстары 3 ақпанда басталып кетті. Харбинде споршылар қандай спорт түрлерінен сынға түседі? Кімдерден үміт күтеміз? Информбюро порталы осы және өзге де сұрақтарға жауап береді.
"Мұз қаласы" – Харбин
Қытайдың ең солтүстігіндегі Хэйлунцзян өлкесінің орталығы – Харбин қысы суық болғандықтан "Мұз қаласы" деген атқа ие. Харбин мұздан қаланған мүсіндерімен әлемге танымал. Мұнда жыл сайын мұз және қар фестивалі өтеді. Былтыр ғана Харбин мұз паркі Гиннес рекордтар кітабына енді.
![](/storage/photos/83/ELKCJ4CpwW2KBuqLcELlPi0mM99WuwtcNWrqAgwS.jpg)
Қысқы Азия ойындары бұл қалада екінші рет өтіп жатыр. 2025 жылғы Азиаданың бойтұмарлары – Бинбин мен Нини атты сібір жолбарыстары.
Биылғы қысқы Азия ойындарына 34 елдің спортшылары қатысады. Олардың қатарына алғаш рет Камбоджа мен Сауд Арабиясының атлеттері қосылды. Соңғы рет Жапонияның Саппоро қаласында өткен додаға Азия Олимпиада кеңесіне кіретін 30 ел мен Аустралия және Жаңа Зеландиядан келген 1 147 спортшы қатысты. Харбинде сынға түсетін атлеттер саны артқан: 1 275 спортшының 755-і – ер, 520-сы – әйел. Олардың 847-сі мұз айдынында өтетін жарыстарға, ал қалған 428-і биатлон, шаңғы жарысы сынды Ябули қаласында өтетін қар спортынан сынға түседі.
Азия ойындарында атлеттер спорттың 6 түрі, 11 дисциплина бойынша 196 медаль жиынтығын сарапқа салады:
- биатлон;
- тау шаңғысы;
- керлинг;
- конькимен жүгіру;
- шорт-трек;
- мәнерлеп сырғанау;
- шаңғы жарысы;
- сноуборд;
- фристайл-акробатика;
- шайбалы хоккей;
- ски-альпинизм.
Қысқы Азия ойындарының жарыс бағдарламасына алғаш рет ски-альпинизм қосылды.
Азиаданың салтанатты ашылу және жабылу рәсімдері мен жарыстар жеті спорт нысанында өтеді:
- Харбин хоккей аренасы;
- Халықаралық Харбин конгресс-көрме және спорт орталығы,
- Харбиндегі Пинфан ауданының хоккей аренасы;
- Харбин спорттық университетінің студенттік мұзайдыны,
- Хэйлунцзян жаттығу орталығының мұздағы жарыстарға арналған көпфункционалды залы;
- Хэйлунцзян оқу орталығының мұздағы жарыстарға арналған залы;
- Ябули тау-шаңғы курорты.
Азия Олимпиада кеңесінің құрамына 45 ел кіреді. Ұйымның бас кеңсесі Кувейт астанасында орналасқан.
Ашылу салтанаты қашан өтеді?
7 ақпанда Халықаралық Харбин конгресс-көрме және спорт орталығында өтететін ашылу салтанаты өтеді. Шоу бағдарламасы үш бөлімнен тұрады. Шоудың қоюшы-режиссері – Ша Сяолань. Ол бұған дейін Ханчжоудағы Азия ойындары мен 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасының шығармашылық тобында жұмыс істеген. Режиссердің айтуынша, қойылым Азия ойындарының ұраны – "Қысқы арман, Азия жүрегіндегі махаббат" тақырыбымен үйлеседі. Бұл тақырып халықтарды спорт және қысқы мәдениет арқылы біріктіру идеясын бейнелейді.
![](/storage/photos/83/DzxbXYMVcalT1VirIMl6HbwUrMWAr1xu4arGJ2co.jpg)
Ұйымдастырушылар шоу барысында жасанды интеллект пен VR сияқты озық технологиялар қолданбақ. Салтанатты шарада мыңға жуық студент өнер көрсетеді. Шоуда Харбиннің мәдениеті мен сәулеті көрсетіледі. Ашылу салтанаты 80 минутқа созылады. Бағдарлама бойынша Харбиннен басқа аймақтарға, одан әрі бүкіл Азияға сапар шегеді. Бала кезден бастап арман қуып, сол армандарды жүзеге асыру жолын көрсетеді.
Салтанатты шара Астана уақытымен 17.00-де басталады. Ашылу салтанатында Қазақстан туын хоккейші Әділ Бекетаев пен шорт-трекші Ольга Тихонова ұстап шығады. Азия ойындарының ашылу және жабылу салтанатын, жарыстарды тікелей эфирде Qazsport арнасы көрсетеді.
Кімдерден үміт күтеміз?
Қазақстан құрамасы 6 қысқы Азия ойындарына қатысып, 78 алтын медаль, 62 күміс және 56 қола медаль (барлығы 196) жеңіп алды. Азия ойындарында жалпы есеп бойынша ең көп алтын алған спортшылар – шаңғышылар. Олардың еншісінде 26 алтын бар. Одан кейінгі орында – 19 алтын алған биатлоншылар. Ал шайбалы хоккейшілер Азия ойындарында жеті рет чемпион атанды.
Харбинде Қазақстан атынан 137 спортшы сынға түседі. Олардың арасында әлемдік додаларда жүлде алып, жақсы нәтиже көрсетіп жүрген спортшылар көп.
Азия ойындарында биатлоннан Қазақстан қоржынында 19 алтын медаль бар. Жалпыкомандалық есепте Қытай 15 алтынмен, ал Жапония 11 алтынмен артта келеді. Харбинде Кирилл Бауэр, Әсет Дүйсенов, Владислав Киреев, Вадим Куралес, Александр Мухин, Дарья Климина, Арина Крюкова, Ольга Полторанина, Елизавета Белецкая және Полина Егоровадан үміт күтеміз.
Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы Дінмұхаммед Райымқұлов фристайл-акробатикадан сынға түседі. 2022 жылы қысқы Олимпиадада 15-орын алған Шерзод Хаширбаев былтыр Еуропа кубогының кезеңдерінде жүлделі орындарға ие болды. Әйелдер арасында Аяна Жолдас та Еуропа кубогы кезеңдерінде бірнеше рет жүлде алды.
Мәнерлеп сырғанау тарихына есімі жазылған Михаил Шайдоров та жүлдеге үміткер. 2024 жылы Францияда өткен Гран-при кезеңінде ол үштік аксель мен төрттік тулуп секіріп, ресми жарыста осы комбинацияны таза орындаған алғашқы спортшы атанды. ISU Гран-при финалында өнер көрсеткен алғашқы қазақстандық атлет атанған ол бұл жарыста 253,75 ұпай жинап, бесінші орын иеленді. Ал 2025 жылы Туринде өткен Универсиадада нәтижесін жақсартып, алайда қола жүлдеден бір қадам қалыс қалды. Мәнерлеп сырғанаудан әйелдер арасында Софья Самоделкина да тұғырдан көрінуі мүмкін. Ол енді ғана ересектер деңгейіндегі халықаралық жарыстарға қатыса бастады. Биыл Универсиадада қола жүлдеге ие болды. Алайда Азия ойындарында қыздар арасында Жапония мен Оңтүстік Корея спортшылары көшбасшы саналады.
Конькимен жүгіруден Надежда Морозова фавориттердің бірі болып отыр. Кристина Силаева Әлем кубогы кезеңінде 500 метр қашықтыққа жүгіруден төртінші орын алып, үздіктердің қатарына кірді. Бұл жарыста оны тек екі азиялық спортшы ғана басып озды. Олардың көрсеткіші Силаеваның нәтижесінен алшақ емес. Калгари қаласында өткен Әлем кубогы кезеңінде командалық спринтте Надежда Морозова, Дарья Важенина және Кристина Силаева қола жеңіп алған болатын. Ерлер арасында Евгений Кошкин 100 метрлік қашықтықта жүлдеге таласуы мүмкін. Осы маусымда төрт құрлық чемпионатында жеңіске жеткен Виталий Щиголев те медаль алуға қауқарлы спортшы.
![](/storage/photos/83/wEZZbXlCHyGfaEEjJDX4tkwm4wPjHKFpWhJ2xVU0.jpg)
Шорт-трекшілерден де медаль күтуге болады. Олар эстафетада да, жекелей сында да тұғырдан көрініп жүр. Харбинде әлем чемпионатының күміс жүлдегері Денис Никиша, 2011 жылғы Азия ойындарының қола жүлдегері Абзал Әжғалиев сынға түседі. Эстафедада жүлде алған Абзал бұл жолы жекелей сында жеңіске жеткісі келеді. Әйелдер арасында Яна Хан, Ольга Тихонова, Алина Әжғалиева да мықты қарсылас саналады. 2017 жылы Саппорода өткен Азия ойындарында Ольга Тихонова бар әйелдер командасы қола медаль алған еді. Харбинде қазақстандық шорт-трекшілер үшін жүлде алу оңайға соқпасы анық, себебі бұл бәсекеде Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай споршылары мықты қарсылас саналады.
Харбинге баратын делегацияның жартысынан астамы – Астана, Алматы қалаларының және Шығыс Қазақстан облысының спортшылары. Қысқы Азия ойындарының чемпиондары биатлоншы Ольга Полторанина мен Дарья Климин, шайбалы хоккейшілер Евгений Рымарев, Роман Старченко, Кирилл Савицкий мен Дмитрий Гренц Харбинге бара жатыр.
Фристайл-акробатикадан жарысқа қатысатын 15 жасар Асан Асылхан ұлттық құраманың ең жас спортшысы атанып отыр. Ал ең егде спортшы – 41 жастағы Денис Власов. Ол алғаш рет ски-альпинизмнен бақ сынамақ.