Бектенов АЭС-ті Курчатов маңында салу туралы сенаторлардың ұсынысына жауап берді

Қазақстанда АЭС салынатын орын айқындалып қойылған.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында Қазақстанда атом электр станциясы бой көтеретін орын өзгермейтінін тағы бір нақтылады. 

Оның айтуынша, Атом саласын дамыту бойынша ведомствоаралық комиссия атом электр станциясы салынатын орын ретінде Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылының маңын айқындаған. 

Еске салайық, Қазақстанда АЭС құрылысы бойынша референдум биылғы 6 қазанда өткен болатын. Дауыс берушілердің 71,12 пайызы АЭС құрылысын жақтап дауыс берді. Ал ведомсоваралық комиссия Алматы облысының Үлкен ауылын АЭС салынатын орын ретінде 2022 жылы-ақ айқындап қойған болатын. 


Оқи отырыңыз: Қазақстандағы АЭС бойынша референдум: exit-poll нәтижелері


Дегенмен, бірқатар сенат депутаты Курчатов қаласына "ғылыми қала" деген мәртебе беріп, осы қала маңында АЭС салуды ұсынды. Сенаторлардың түсіндіруінше, қала маңында желілік инфрақұрылым жақсы дамыған, АЭС салу және пайдалану бойынша жұмыстарды техникалық сүйемелдеуге қажетті ғылыми-техникалық база бар. Оның үстіне, аймақ сейсмикалық тұрғыдан тұрады әрі отын тасымалдау мүмкіндігі де бар.

Бұл ретте Олжас Бектенов Курчатов қаласына "ғылыми қала" деген мәртебе беру бойынша қазіргі таңда Мәжілісте "Ғылыми ауқымды аймақтар туралы" заң жобасына өзгертулер қаралып жатқанын хабарлады. Оның қорытындысы бойынша қосымша ақпарат ұсынылады. 

Серіктестер жаңалықтары