Тікелей эфир

"Бастау Бизнес" аясында 5 мың кәсіпкерлік жобасы қаржыландырылады. Бір жобаның орташа бюджеті – 4,5 миллион теңге

Ұлттық экономика министрлігі экожүйе қалыптастыру мақсатында кәсіпкерлік қызметті жаңаша реттеудің тәсілдерін ұсынбақ.

2021 жылдың шілде айында "Жұмыспен қамту" жол картасы бағдарламасы аясында "Бастау Бизнес" жобасының түлектеріне шағын несие беру басталды. Оған 22,5 млрд теңге бөлінді. Алда өз кәсібін жаңадан бастайтындардың 5 мың жобасын қаржыландыру жоспарланып отыр. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев мәлімдеді. 

Министр бизнесті қолдау жөніндегі дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру туралы баяндады. Осы орайда ол биыл "Ағым капиталын толықтыруға жеңілдікпен несие беру" бағдарламасы, сондай-ақ, "Бизнес жол картасы – 2025", "Қарапайым заттар экономикасы", "Еңбек және жұмыспен қамту жол картасы" бағдарламалары шеңберінде шағын және орта бизнесті жеңілдікпен несиелендіру бойынша жұмыстардың жалғасатынын мәлімдеді. 

"Несиелер бойынша жылдық мөлшерлеме 6%-ды құрады. Айналым капиталын толықтыру едәуір кеңейтіліп, несиелер сомасы ұлғайтылды. Микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қолжетімді несие беру басталды. 2021 жылдың І жартыжылдығында 1 трлн теңгеден астам сомаға 31 мыңнан астам жоба жеңілдікпен қаржыландырылды", – деді министр.


Оқи отырыңыз: "Күйеуіме қарап отырмай жеке кәсібімді ашқым келді". Жер өңдеп, жеміс кептірген әйелдер қалай табыс тауып отыр?


Сондай-ақ, Әсет Ерғалиев экономиканың зиян шеккен секторларындағы кәсіпкерлерді қолдау үшін шағын және орта кәсіпкерлік несиелерін қайта қаржыландыру жүзеге асырылатынын мәлімдеді. Экономикалық қызмет түрлерінің тізбесі кеңейтіліп, субсидиялау мерзімі 3 айға ұзартылды. Бұл үшін бюджеттен 18,4 млрд теңге бөлінді. 

"2021 жылдың шілде айында "Бизнестің жол картасы" және "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламалары шеңберінде жаңа бизнес жоспарын субсидиялау үшін бюджеттен қосымша 13,2 млрд теңге бөлінді. Екі бағдарламаны қаржыландырудың жалпы көлемі 186,3 млрд теңгені құрап отыр. Мұнымен қатар, шілде айында "Жұмыспен қамту жол картасы" бағдарламасы аясында "Бастау" бизнес жобасының түлектеріне шағын несие беру жұмыстары қолға алынды. Оған бюджеттен 22,5 млрд теңге бөлінді, алда өз кәсібін жаңадан бастайтын кәсіпкерлердің 5 мыңдай жобасын қаржыландыру жоспарда бар", – деді Әсет Ерғалиев.

І жарты жылдық қорытындысы бойынша, "Бизнестің жол картасы – 2025" және "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламаларының шеңберінде жалпы сомасы 441 млрд теңгеге 12 447 жоба субсидияланды. 187 млрд теңге болатын несие сомасына 10 788 жобаға кепілдік берілді. Аграрлық несие корпорациясы шеңберінде 5,9 млрд теңге несие сомасына 134 жобаға қолдау көрсетілді. Ең көп жобаны Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары және Жамбыл облысы кәсіпкерлері ұсынды. Сондай-ақ, кепілдік берілген жобалалардың басым бөлігі – Жамбыл, Түркістан облыстары мен Нұр-Сұлтан қалаларында.


Оқи отырыңыз: Кәсіп ашқыңыз келсе... Шағын несиеге қалай қол жеткізуге болады?


 Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасы 50 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілеріне жүргізген сауалнама негізінде шағын және орта бизнесті қолдау бойынша жаңа шаралар пакетін әзірледі. Негізінен 60-тан астам кешенді шараны жүзеге асыру көзделіп отыр. Негізгілері:

  • бизнеске жүктемені азайту;
  • сұранысты қанағаттандыру;
  • 2022 жылдан бастап бизнесті (белгілі бір операцияларда ғана) корпоративтік табыс салығынан босату;
  • экожүйе қалыптастыру мақсатында кәсіпкерлік қызметті таза парақтан реттеудің жаңа тәсілдерін ұсыну;
  • мемлекет пен кәсіпкерліктің өзара іс-қимылында тазалық қағидаттарын жетілдіру. 

Министр күрделі эпидемиологиялық жағдай кезінде бизнестің толыққанды жұмыс істеуі үшін Ashyq қосымшасын пайдалану керектігін ескертті. 

Еске салсақ, Алматыда оқшаулану режимін бұзған 170 адам Аshyq арқылы анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Департамент өкілінің айтуынша, үй карантині режимін бұзған азаматтардың бірде-бірі көпшілік нысандарының ішіне кірмеген.

Серіктестер жаңалықтары