Тікелей эфир

"Күйеуіме қарап отырмай жеке кәсібімді ашқым келді". Жер өңдеп, жеміс кептірген әйелдер қалай табыс тауып отыр?

Фермер Гүлжан Асқар
Фермер Гүлжан Асқар
Informburo.kz тілшісі Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының көкөніс егіп, жеміс-жидек кептірумен айналысатын фермер әйелдерімен сұхбаттасты.

Аталған ауданның Жергілікті қоғамдастықтар қорының өкілдері ауылда әртүрлі себеппен жұмысқа тұра алмай жүрген немесе ісін дамытуға қаржы таппай жүрген әйелдерге ерекше назар аударады. Себебі, пандемия барлық саладағы әйелдер мен ерлер арасындағы теңсіздікті күшейте түскен.  

Қор "Шелек фермерлері" кооперативі арқылы фермер әйелдерді сату арналарына шығару үшін барлық қолайлы мүмкіндіктерді іздеу мақсатында ресурстарды біріктіру жобасына бастамашылық етеді. 2020 жылы қор жеке учаскелері бар әйелдерге қызанақ өсіріп, қосымша табыс табуы үшін жобаға 520 мың теңге қаржы бөлген. Бұл қаржыға тұқым, тамшылатып суару құралдары, шымтезек және көшет өсіруге арналған кассета секілді заттар сатып алынған. Жобаға 10 фермер әйел қатысып, былтыр жалпы сомасы 1 899 060 теңгенің өнімін сатқан. Осы жылы "Шелек фермерлері" кооперативі жаңа бағытты таңдап, көкөністер мен жемістерді кептіру ісін дамытуды ұйғарды. 

Жоба қатысушысы Гүлбану Жасыбаева ауласында түрлі көкөніс еккен. Жасы 47-де. 27 жыл мектепте мұғалім боп жұмыс істеген. Ата-енесінің денсаулық жағдайына байланысты өз еркімен жұмыстан шығып, екі жылдай үй шаруасымен ғана айналысқан. "Шелек фермерлері" ұйымдастырып жатқан "Берекелі әйел" жобасы жайлы естіп, қатысуға бел байлаған. 

Фермер Гүлбану Жасыбаева

"Өзін-өзі дамыту, психологиялық көмек, үйде отырған әйелдің өз-өзіне күтімі жайлы, сондай-ақ кәсіпке баулу туралы жақсы сабақтар өтті. Жобада 250 мың теңге грант жеңіп алып, тігінханамды аштым. Содан кейін көкөністерді жаңа технологиямен, органикалық жолмен өсіру бойынша "Ауыл өнімдері" жобасы туралы естідім. Бірнеше әйел бірігіп қатыстық. Тамшылап суару, жер игеру бәрін үйретіп, дайын өнімді серіктестері арқылы сатуға көмектесті. Биыл ұнаған көкөністерді отырғыздым. Болашақта жеміс-жидек өсіргім келеді. Жер игеру жұмыстарына күйеуім көмектеседі. Отбасымның қолдауы арқасында осындай жетістікке жетіп отырмын", – деді Гүлбану Жасыбаева. 


Оқи отырыңыз: Өз бизнесімді ашқым келеді. Кәсіпті көк тиынсыз қалай бастауға болады?


Ол жақында "Ауылым – алтын бесігім" жобасына қатысып, тағы грант ұтып алған. Бұл әлеуметтік жобада ол 16 әйелге төрт ай бойы тігін ісін тегін үйретеді. Бүгінде шеберханасында үш әйел жұмыс істейді. 

"Пандемия кезінде "Шелек фермерлерінің" арқасында өнімдерімізді саттық. Қалғанын кептіруді үйреніп алдық. 21 әйел бірігіп, өз брендімізді құрғымыз келеді. Жобаларға өтінім беру, жоба жазу қиын емес. Қолымнан келгенше сұрағандарға көмектесемін. Әйелдерге білгенімді үйреткім келеді", – дейді фермер.  

"Атамекен" ҰКП ұйымдастырған "Бастау бизнес" жобасына қатысып, бизнес жоспар өткізіп, кептіретін аппарат сатып алған 21 әйелдің бірі – Раманай Алаева.   

"Күйеуім он сегіз жасынан егін егеді. Шаруға көмектесемін, күйеуім жылыжай салды. Сосын "мен де кәсібімді ашқым келеді" деп фермерлікті бастадым. Күйеуім де көмектесті. Былтыр пандемия кезінде сұраныс болмады. Көбін малға беруге, лақтыруға тура келді. "Бастау бизнесте" оқып, бизнес жоспар өткіздім. Дегидратор алып, кептіруді үйреніп алдым. Биыл қызанақ пен қияр ектім. Ауыл тұрғындарынан тапсырыс түсіп жатыр", – деді ол.   

Агробизнес орталығында дайын өнімді дегидратациялауға, майдалауға және орауға арналған жабдық орнатылған. Кептірілген өнімдерді екі жылға дейін сақтау үшін вакуумдық орауыш сатып алынған.  


Оқи отырыңыз: Қамыс – табыс көзі. Орақ ұстаған отбасының тұрмысы қалай түзелді?


Фермер әйелдер орталықта жемістерден пастила дайындауды және оларды кептіру жолын көрсетті. Алдымен жемісті езіп майдалап алады, сосын оны тегіс ыдысқа жайып, кептіретін құрылғы – дегидраторға салады. Дегидратор үлкен, 32 тақтайшасы бар. Құрылғыда көкөністерді, жеміс-жидектерді, шөптерді кептіруге болады. Шөп – 2-3 сағатта, пастила – 10-12 сағатта, жеміс-жидек 15-16 сағатта кебеді. Әр әйелдің үйінде шағын кептіретін аппарат бар. Жергілікті қоғамдастықтар қоры 21 әйелмен бірге бұл кәсіпті сертификаттап, өнімдерді нарыққа шығаруды көздеп отыр. 

Гүлжан Асқар 2006 жылы Қытайдан Қазақстанға көшіп келген. Алғашқы жылдары отбасына жұмыс бастап, кәсіп ашу қиынға соққан. 2013 жылы тұрмысқа шығып, фермер күйеуімен бірге егін егіп еңбек еткен. Әйелдердің оқу оқып, грант алып жатқанын естіген соң орталыққа келіп, сабақтарына қатысқан. 2019 жылы грант жеңіп алып, 3,5 соттық жерге жылыжай салған.

"Жылыжайда ыстықта жұмыс істейміз. Жер қопсытудан бастап бәрін өз қолымызбен жасаймыз. Сырт көзге өзі өсіп жатқандай көрінеді. Былтыр қызанақ ексек, биыл қияр ектік. Кептіретін аппарат сатып алып, жаңа іс үйреніп жатырмыз. Табиғи жолмен кептірсе, шаң-тозаң болады. Ал аппарат жел мен жылу бөліп, өнімді жоғары сапада кептіріп шығады. Мемлекеттің де, үкіметтік емес ұйымдардың да қолдауы бар. Күйеуім де қолдайды, ол жоба жазып, жұмыс жасағанда мен де қарап тұрмаймын", – деді ол. 

Фермер Гүлжан Асқар.

Оқи отырыңыз: Қазақ ауылдарының қоңыр тіршілігі фотограф объективінде


Айгүл Мұқанова – фермер, кәсіпкер. Алматыда Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебінде скрипка-фортепиано сыныбында оқыған. Ауыл жігітіне тұрмысқа шығып, осында қалған. "Шелек фермерлері" Айгүлге "срипачка" деп ат қойыпты.

"Ауылға бір музыка мұғалімі жетеді емес пе? Сондықтан үй шаруасымен айналыстым. Өз жолымды іздеп, әртүрлі саланы байқап көрдім. Бір күні орталық конкурсқа шақырды, содан бері жобаларға қатысып келемін. Қазіргі заманда қол қусырып қарап отыруға болмайды. Жеке кәсіпкерлік ашып, несие алдым. Мал шаруашылығымен де, егінмен де айналысамын. Несие ақшасына мал азығын, сүт тартқыш алдым. Күйеуім – механизатор. Техникаларымен малдың жем-шөбін дайындайды. Қаланың қызы болсам да, ауыл өзімдікі болып кетті. Жақындарым, балаларым осында, қаланы қайтемін? Ауылға бейімделу керек. Жаңа білім іздеп, кәсіп үйреніп, алға жылжу қажет", – деді Айгүл Мұқанова.   

Фермер Айгүл Мұқанова.

"Жергілікті қауымдастықтар қорының" атқарушы директоры Бақытгүл Елшібаева жоба қатысушыларын оқыту, оларға қажет дағдыларды үйрету грант сомасынан да маңызды екенін айтады. Жоба қатысушыларында алғашында "Қайда келдік?", "Не істейміз?", "Күйеуім жібермейді" деген секілді күмән-күдік пен сұрақтар көп болады екен. Кейін оқу ұнап, өз ісін тапқан соң "жоба жазуым керек" деп жүгіріп жүреді. Оның сөзінше, фермер әйелдердің күйеулерінің табысына байланып отырмай, жобаға қатысуын қолдау мен олардың ісін жүргізуге себеп болу да өзіндік мәнге ие гендерлік саясат.  

"Ауыл шаруашылығында әйелдер ерлермен бірдей жұмыс істейді, бірақ кәсіп ердікі саналады. Біз әйелдерге қалай аяққа тұруды, кәсіпті қалай дұрыс жүргізуді, егу технологиясын, өсімдікке күтім жасауды, тамшылап суаруды үйретеміз. Сатуға көмектесеміз. Одан ешқашан табыс таппаймыз. Былтыр тәжірибе жинау жылы болды. Он әйелмен бастадық. Сегіз әйел биыл да егін екті. Үшеуі жылыжай салды. 21 әйел кептірумен айналысады. Басында "қайда келдім?" десе, қазір әрқайсының арманы, мақсаты бар. Бірі машина алғысы келеді, бірі кәсібін кеңейткісі келеді. Өзін жоғалтып алған әйелдерге мотивация беріп, жол көрсетеміз. Бәрін ақшамен өлшеуге болмайды, адам ісін тауып, одан рахат ала білсе одан асқан не бар?" – деді Бақытгүл Елшібаева.


Оқи отырыңыз: Күркетауық бағып, 23 жасында Gelandewagen мінген жігіт


"Жергілікті қауымдастықтар қорының" атқарушы директоры Бақытгүл Елшібаева.

Қор 2007 жылдан бері аудан тұрғындарына пайда әкелетін 60-тан астам жоба жүзеге асырған. Ауданға жалпы сомасы 846 миллион теңгеден астам инвестиция әкелген. "Филип Моррис" компаниясымен 2011 жылдан бастап серіктес. 

"Шелек фермерлері" кооперативінің табысы 80 млн теңгеден асып, шығынын өтей алады деген кезде карантиндік шектеулер бірқатар серіктес кәсіпорындардың уақытша жабылуына себеп болып, өткізілетін өнімнің көлемі – үштен бірге, өткізу сомасы 40%-ға азайған. Кооператив фермерлері 2020 жылы 10 млн теңгенің өнімін ғана сата алған. Биыл әртүрлі супермаркеттермен, тамақтану орындармен серіктес болып, жинаған өнімді толықтай сатуды жоспарлап отыр.

Серіктестер жаңалықтары