Тікелей эфир

Қазақ ауылдарының қоңыр тіршілігі фотограф объективінде

Фото кейіпкердің мұрағатынан алынды
Фото кейіпкердің мұрағатынан алынды
Жас фотограф, іnformburo.kz порталының авторы Әйгерім Бегімбеттің шығармашылығына бойлап көрдік. Бүгін Алматыда Әйгерімнің фотосуреттері қойылған көрме ашылады.

Фотоөнер – өмір

Аристотель гипотезасын негіздеп, Леонардо до Винчи құрылымын жасаған обскур камерасын 1800 жылы ағылшын Гэмфри Дэви мен Томас Веджвудт жетілдірген соң фотография өнері жаңа даму сатысына көтерілген болатын. Содан бері бұл өнер адамзат тарихын таспалаумен келеді. Әлемде камера көзімен қоғам келбетін кескіндейтін фотографтар көп. Олардың көкірек көзі ашық, қырағы, сезімтал да епті болуы шығармашылық дүниесінің сәтті шығуының кепілі.


Ұрпақтар жалғастығы: Ата мен бала

Ұрпақтар жалғастығы: ата мен бала / Фото кейіпкердің мұрағатынан алынды


Қазақстандық жас фотограф Әйгерім Бегімбет фотоөнерге әу баста хобби ретінде әуестенсе, қазір эстетикалық мазмұнға бай контент жасаумен кәсіби түрде айналысады. Ол үшін "фотоөнер – өмір, ғажап дүние".

"Айналаңа сергек қарап, жан-жағыңды үнемі бақылап жүресің. Сұлулық іздейсің. Кейде сәтті шыққан бір суреттің өзі ұзақ уақыт шабыт сыйлап жүреді", – дейді Әйгерім.

Оқи отырыңыз: Байжансай. Бес отбасы тұратын қала

Америкалық танымал фотограф Эдвард Мейбриджтің "Біз шындықты табиғаттың өзінен іздемейінше, көріністің мінсіз болуы мүмкін емес" деген сөзі бар. Біздің кейіпкеріміз де осы ұстанымға тамыр жалғағандай. Ол айналада болып жатқан өмірді боямасыз көрсеткісі келеді және картинаның шынайы болғанын қалайды. Сондықтан да фотосуреттерін аса қатты өңдемейді, мұнысы өз өңі жоғалмаса екен дегені.


Түбінде баянды еңбек егін салған

Егін егу – еңбек төресі / Фото кейіпкердің мұрағатынан алынды


Пленкалы фотоаппараттан сандық камераға дейін

Әйгерім фотография саласы бойынша арнайы білімі болмағандықтан, өзін кәсіби фотограф санамайды. Дегенмен әуесқой фотографтың Шымкентте өткен «Тіршілік» көрмесін тамашалаған көрермендердің оған берген бағасы өте жоғары болды.

Оқи отырыңыз: Егіз қызды жар қылған егіздер

13 жасында бауыры сыйлаған пленкалы фотоаппарат Әйгерім үшін ыстық естелік. Мектеп бітіргенше ауылдың мерекелік іс-шараларынан бастап, кішігірім той-томалақ, туған күн кештерін түсіре жүріп, табыс тапқан. Қалаға қатынап жүріп, әр суретін 16-17 теңгеге қағазға шығарып, ауылдағы алғашқы "клиенттеріне" 60 теңгеге сатқан екен.


Фотограф Әйгерім әртүрлі жобаларға қатысады

Әйгерім фотография бойынша әртүрлі жобаларға қатысады / Фото кейіпкердің мұрағатынан алынды


"Кейін әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түстім. "Телевизиялық журналистика" пәні бойынша оқытушымыз портрет, пейзаж және фотография саласының өзге де жанрларында фотосурет түсіріп әкелуімізді тапсыратын. Алайда ешкімде фотоаппарат жоқ. Бірде үй ішіммен сөйлесіп отырып, сөз арасында «фотоаппарат керек боп жатыр" деп айта салған едім, келесі сенбіде "Сайраннан" күтіп ал" деген хабар келді. Сөйтіп, жап-жаңа "Кодак" сандық фотоаппаратына ие боп қалдым. Сол құрылғы менің ғана емес, бүкіл журфактың фотоаппараты болды", – дейді Әйгерім.

Оқи отырыңыз: Ақмешіт үңгірі жағымсыз энергетикадан арылтады

Әйгерімді суретке дұрыс түсіруге баулитын ешкім болмаған. Күнге қарсы шарқ етіп жарамай қалған қап-қара суреттерді айтпағанда, тәжірибе жолында талай пленка күйіп, қою күреңденіп қорапқа тасталды.


Егін басын күзету

Егін басын күзету / Фото кейіпкердің мұрағатынан алынды


Тұңғыш көрме неге "Тіршілік" аталды?

Сезімтал кейіпкеріміз алғашқы фотокөрмесінің атауын ұзақ ойланыпты. Ақырында журналистикадағы ұстазы Жәмила Мамырәлінің кеңесімен "Тіршілік" деген тақырыпқа тоқтаған. Оның кейіпкерлері – қиындыққа мойымайтын қайсар әрі қарапайым тіршілік адамдары.


Әйгерімнің Шымкент қаласында өткен «Тіршілік» көрмесінен

Әйгерімнің Шымкент қаласында өткен «Тіршілік» көрмесі / Фото кейіпкердің мұрағатынан алынды


Әйгерімнің галереясында 30 жылдан бері қыстың аяз-бораны мен жаздың аптап ыстығына да қарамай, тандырға нан жабатын Камила апай, 23 жыл бойы қамыс орып, оны сатып күнелтіп жүрген Перизат апай, трактор тізгіндегеніне 42 жылдан асқан Гүлшат апай және басқа кейіпкерлердің фотосуреттері бар. "Тіршілік" – тек Әйгерімнің ғана емес, әріптестері Қанат Дархан мен Шыңғыс Әбдіразақтың да тұңғыш көрмесі.

Оқи отырыңыз: Жұмыссыздық жайлаған Ащысайдың ендігі үміті Қытай инвесторларында


Тасып ішкен судың қадірі

Тасып ішкен судың қадірі / Фото кейіпкердің мұрағатынан алынды


Арыс оқиғасы – объектив арқауы

Фотографтың ең таңдаулы туындысының бірі – биылғы Арыс жарылысынан зардап шеккен халықтың үрейге толы бейнесі. Бейбіт күнде табанасты босып кеткен елдің үйіндіге айналған үйлерінің көріністеріне Әйгерімнің камерасы арқылы жан біте түскен. Қазақ өткерген күйзеліс тарих қойнауына көміліп кетпей, көрмекке таспаланғаны табысты еңбек. Апаттан кейінгі алғашқы он күн еріктілер қатарында жүрген кейіпкеріміз түрлі ауыр көріністерге куә болған. Оның сөзінше, басында арыстықтарға қолдан келгенше көмек беріп, тек 5-6 күн өткен соң ғана фотоаппаратын қолға алған.

Әйгерім тақырып талғамайды. Көңілі түсіп, көзіне іліккен және әсерленген әрқандай көріністі таспалауға әзір.


Үрейі қайтпаған үй ішінде

Үрейі қайтпаған үй ішінде / Фото кейіпкердің мұрағатынан алынды


"Мен нақты бір тақырыпта түсіремін деп айта алмаймын. Өзіме пейзаж және балалар портретін, қарапайым ауылдың қоңыр тіршілігін түсірген ұнайды. Бір фотограф аға "өзіңе нақты бір бағытты айқындап ал, сол бойынша ізденіп, бір жанрда сурет түсіргенің дұрыс" деп кеңес берген болатын. Оны әлі нақтылай алмай жатырмын", – дейді Әйгерім.


Қоңыр тірлік кешкен әйел

Қоңыр тірлік кешкен әйел / Фото кейіпкердің мұрағатынан алынды


"Тіршіліктің" бастау көзі

Фотограф кейіпкеріміз Internews-тің Қазақстандағы өкілдігі жариялаған байқаудың грантын жеңіп алған. Әйгерімнің әріптесі Қанат Дарханмен бірге дайындаған "Түркістан облысы ауылдарының тыныс-тіршілігі" жобасы 268 медиажобаның ішінен топ жарған. Шымкентте өткен көрмеге 3 мыңдай көрермен келіп, ыстық ықыластарын білдірді.

Оқи отырыңыз: Күркетауық бағып, 23 жасында гелендваген мінген жігіт


Қысы-жазы тандырының қызу қайтпайтын Камиланың наубайханасы

Қысы-жазы тандырының қызуы қайтпайтын Камиланың наубайханасы / Фото кейіпкердің мұрағатынан алынды


Фотографты не мазалайды

Ой-ділі объективке берілген Әйгерімді бүгінгі фотография саласындағы екі мәселе мазалайды. Біріншісі – еңбекке лайық қаламақы төленбейді, оған қоса әлеуметтік желіде фотосуреттер рұқсатсыз жарияланады. Демек, қоғамда мәдени өнімге, авторлық құқыққа құрметсіздік бар деген сөз. Екіншісі – камераның тілін түсінетін мықты фотографтардың көбі күнкөріс үшін той-томалақ түсірумен айналысып кеткені.


Шаттық көбіктері

Шаттық көбіктері / Фото кейіпкердің мұрағатынан алынды


"Қымбат, сапалы техникалық жабдықтары бола тұра, тек той түсірумен шектеліп жүрген фотографтар көп. Қынжыласың. Әр сәт – тарих. Қазір түсіріліп жатқан фотосуреттер мен олардың авторлары тарихты таспалап, сапалы туындылар қалдырғаны үшін түптің түбінде өз бағасын алады деп сенемін. Қазақ фотоөнері дамуы үшін әлі көп іс жасалуы қажет", – дейді Әйгерім.


Әйел өмірдің тігіншісі

Әйел – өмірдің тігіншісі / Фото кейіпкердің мұрағатынан алынды


Әлемді объективіне сыйдырып, айналасын жанарымен ғана емес, жүрегімен де көре білетін шығармашыл Әйгерім Бегімбеттің суреттерінің біраз бөлігі ана, әйел тақырыбына да арналған.


Ауыл сыртындағы актив центр

Ауыл сыртындағы "байланыс төбесі" / Фото кейіпкердің мұрағатынан алынды


Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары