Тікелей эфир

"Атырау жастары" бағдарламасына өтініштер биыл екі мәрте қабылданады

Ақпанда ипотекалық несие алуға 860 өтініш түссе, олардың тек жүзі ғана баспаналы болады.

Атырау облысында "Атырау жастары" тұрғын үй бағдарламасы аясында 860 жастан өтініш түссе, олардың 100-і ғана тұрғын үй несиесін алады. Бұл туралы Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік және автокөлік жолдары бөлімі тұрғын үй секторының меңгерушісі Рафхат Жолдиев хабарлады. 

"Атырау жастары" тұрғын үй бағдарламасына өтініштер 1-20 ақпан аралығында қабылданған болатын. 

"Аталған бағдарламаға өтініш беріп, құжат тапсырғандардың арасынан Атырау қаласы бойынша 55 жас, аудандар бойынша 45 жас баспанаға ие болады. Бүгінде  қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік және автокөлік жолдары бөлімінде тізім жасақталып жатыр. Тізім сәуір айының басында банкке жолданып, әрі қарай несиені рәсімдеу, тұрғын табу сынды жұмыстар жүреді. Бағдарлама толықтай 2-3 айдың ішінде аяқталады", – деді Рафхат Жолдиев.


Оқи отырыңыз: 


Сондай-ақ ол, бағдарламаға қатысуға өтініш білдірген атыраулықтардың көп болуына байланысты осы жылдың екінші жартысында әкімдіктен қаражат сұрап, тұрғын үй бағдарламасына құжат қабылдауды екінші мәрте жүргізетінін жеткізді.

Еске салайық, "Атырау жастары" бағдарламасына өңірдегі 18-35 жас аралығындағы мамандар қатыса алады. Тұрғын үйді 5% несие арқылы 19 жылға береді. Бастапқы жарна – 10%. Атырау қаласы бойынша несиенің максималды сомасы 18 млн теңге болса, аудан бойынша – 13 млн теңге.

Серіктестер жаңалықтары