Қаңтар оқиғасына байланысты барлығы 22 мыңнан астам адам тексерілді, деп мәлімдеді ҚР бас прокуроры Берік Асылов.
"Бүгінгі күні 35 мыңнан астам жедел-тергеу іс-қимылы, оның ішінде 20 мыңы – тексерулер, жауап алу, тінту жүргізілді. 3,5 мың сот сараптамасы тағайындалды. Барлық орган бойынша тұтқындалғандардың жалпы саны – 766 күдікті. Негізгі көпшілігінде – бұл жұмыссыз, жоғары білімі жоқ 30 жасқа дейінгі жастар", – деді Берік Асылов.
Әрі қарай бас прокурор олардың ішінде деструктивті діни ағымдардың 19 жақтаушысы, тыйым салынған экстремистік ұйымдардың 27 белсендісі, ұйымдасқан қылмыстық топтардың 24 мүшесі болғанын айтты.
Оқи отырыңыз: Бас прокурор: Тергеудің заңсыз тәсілдерін қолдану фактілері бойынша 234 іс қаралуда
"Мысалы, "Жабайы Арман" деген лақап атпен танылған Жұмагелдиев пен оның тобының 14 мүшесі қамауда. Мұндай адамдардың жоғалтатын ештеңесі болмады және олар әртүрлі қылмысқа оңай барды – дүкендерді қиратты, тонаумен айналысты, әкімшілік ғимараттарға шабуыл жасады", – деді бас прокурор.
Жалпы, жасалған қылмыстарға қатысы бар-жоғы 22 мыңнан астам адам тексерілді.