Тікелей эфир

Асхат Аймағамбетов: Қоғамда мұғалімнің мәртебесі жоғары болуы керек

Білім министрі Талдықорғандағы №4 орта мектепте мұғалім мен оқушы арасында болған жағдайға қатысты пікір білдірді.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов оқушының ұстазға дауыс көтеріп сөйлегені көңілін түсіргенін жазды.

"Қай заманда болмасын азаматтарымыз үлкендерге, әсіресе ұстаздарға құрметпен қарайтын, оларды сыйлайтын. Үлкенді сыйлау, отбасы құндылығы, адалдық, инабаттылық, еңбексүйгіштік, білімге құштарлық, заңға бағыну және отансүйгіштік болашақ ұрпақты тәрбиелеудің негізі болуы керек. Бүгін мен №4 орта мектептің мұғалімімен телефон арқылы сөйлестім. Ол білім саласында 11 жыл бойы қызмет етіп келеді. Әріптесіме қолдау сөздер айтып, қажырлы еңбегі, шыдамдылығы мен адалдығы үшін алғыс білдірдім", – деп жазды Асхат Аймағамбетов Telegram арнасында.


Оқи отырыңыз: Талдықорғанда мұғаліміне бейәдеп сөйлеген оқушыға "ұсақ бұзақылық" бабы бойынша хаттама толтырылды


Оның хабарлауынша, оқушы мен кәмелетке толмаған балалар үшін жауапты ата-анаға қатысты заңнамаға сәйкес шара қабылданады. Әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ баланың ата-анасына қатысты әкімшілік іс қозғалды. Енді шешімді Алматы облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қабылдайды.

"Өз тарапымыздан педагогтерге деген мұндай қарым-қатынасты, көзқарасты жойып, жолын кесу үшін қатаң шаралар қабылдайтынымызды ескертемін. Қоғамда мұғалімнің мәртебесі жоғары болуы керек. Бұған дейін оқушыға психологиялық көмек көрсету және оны есепке қою туралы мәселе қаралатынын хабарлаған болатынбыз", – деді білім министрі.

Министр мұндай жағдайда ата-ана мен мектептің бірлесе жүргізетін тәрбие жұмысы маңызды рөл атқаратынына тоқталып, балаларды үлкендерге, әсіресе қоғамымыздың дамуына үлес қосып жүрген ұстаздарға құрметпен қарау сияқты қасиеттерге баулуға шақырды.


Оқи отырыңыз: 


 

Серіктестер жаңалықтары