Тікелей эфир

Асхат Аймағамбетов: 6 облыс балабақша ашу жоспарын толық орындамады

Түркістан және Қызылорда облыстарында тек 1 мыңға жуық орын ғана пайдалануға берілген.

Маңғыстау, Ақтөбе, Павлодар, Атырау, Түркістан және Қызылорда облыстары балабақша ашу жоспарын толық орындамады, деп мәлімдеді оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, былтыр 534 балабақша ашылып, 47 мың орын іске қосылған. Нәтижесінде 2-6 жастағы балаларды қамту 88,4 пайызды, ал 3-6 жасты қамту 99 пайызды құраған. Алайда 6 облыс өз жоспарын толық орындамаған.

"Мысалы, былтыр Алматы облысында балабақшаларда 14 мыңнан астам орын, ал Алматы қаласында 5 мыңнан астам орын ашылды, бұл – өте жақсы көрсеткіш. Ал адам көп шоғырланған Түркістан және Қызылорда облыстарында тек 1 мыңға жуық орын ғана пайдалануға берілген. Бұл жеткіліксіз. Басқа облыстардың жоспарды артық орындағанының арқасында, мысалы Шымкент қаласы 170 пайыз, Жамбыл облысы 120 пайыз орындаған, республикалық көрсеткіш бойынша біз 100 пайызға қол жеткіздік", – деді Асхат Аймағамбетов.

Министр биылғы жылдың соңына дейін 34 мың орынға арналған 322 балабақшаны ашу жоспарланғанын атап өтті. Ал жыл басынан бері 12 900 орынға 140 балабақша ашылған. Асхат Аймағамбетов әкімдіктерден осы бағыттағы жұмыстарды белсенді жүргізуді сұрады. 


Оқи отырыңыз: Балабақшаларды лицензиялауда сыбайлас жемқорлық тәуекелі төмен – Гүлзат Көбенова


Сонымен қатар оқу-ағарту министрі балабақшалардың бағдарламасын жаңарту бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын еске салды.

"Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңа моделін және жаңа мемлекеттік стандартты биыл бекіттік. Балабақшаларда өзіне сенімді, қиындықтарға төзімді, дені сау, ашық және креативті ойлайтын балаларды тәрбиелеу және отансүйгіштік, еңбекқорлық, білімге құштарлық сияқты құндылықтарды шығармашалық пен қозғалыс белсінділігі және ойын арқылы дамытамыз. Балабақша тәрбиешілерінің біліктілігін арттыру, балабақшаларға деген талаптарды күшейту бойынша да жұмыс ұйымдастырылып жатыр", – деді Асхат Аймағамбетов.


Оқи отырыңыз: "Баспалдақтан құлап кеткен". Балабақша жұмысына қатысты арыз-шағым көбеюде


 

Серіктестер жаңалықтары