Оқу-ағарту министрлігіне балабақшалардың жұмысына қатысты ондаған арыз-шағым түсіп жатыр. Соңғы түскен арыз-шағымдар бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп, балалардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіру фактілері бойынша 5 әкімшілік іс қозғалды. Ішкі істер министрлігі мектепке дейінгі ұйымдарға қатысты 15 әкімшілік іс қозғады, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
"Нұр-Сұлтан қаласындағы жекеменшік балабақшада бүлдіршіндерге қатысты теріс қылық фактілері тіркелген. Онда балабақша қызметкерлері балаларды еденге сүйреп, бұрышқа тұрғызып, еденге итеріп, жылауын тоқтатуға мәжбүрлеген", – деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар, Атырау қаласындағы жекеменшік мектепке дейінгі мекемеде топтағы балалардың көп болуына байланысты тәрбиешінің балаларға дұрыс бақылау жүргізбегені анықталды. Соның салдарынан балабақшаның үш тәрбиеленушісі 2019 жылы туған қызды ұрып-соғып, жарақаттаған.
Оқи отырыңыз: Жамбыл облысындағы балабақшада бүлдіршінді 19 жерінен тістеп тастаған
"Қызылордада жекеменшік балабақшалардың бірінің жүргізушісі мекемеге 7 баланы алып келген. Балаларды балабақшаға кіргізген тәрбиешінің көмекшісі бір баланың көшеде қалып қойғанын байқамай қалған. Жүргізуші де балаға мән бермей, баланы қағып кеткен. Салдарынан бала ауруханаға бара жатқан жолда көз жұмды. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды", – деп жазылған министрлік хабарламасында.
Сондай-ақ Теміртауда тәрбиешіге 3 жыл бойы кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге тыйым салынып, 120 сағат қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза тағайындады. Ол баланың бетін көрпемен жауып, тұншықтырмақ болған.
Оқи отырыңыз: Балабақшаларды лицензиялау 2024 жылы басталады
Ал Ақтөбе қаласындағы жеке балабақшаның 4 жастағы тәрбиеленушісі күндіз баспалдақтан құлап, иегін жарақаттаған. Балалар емханасында балаға тігіс салынып, жараның ауырлығына байланысты антибиотиктер тағайындалған. Осыған байланысты Әкімшілік кодекстің 409-бабының 3-бөлігі бойынша балабақша меңгерушісіне 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
"Айта кетейік, балабақша ашу және жұмыс істеу үшін уәкілетті органға хабарлама жіберу жеткілікті. Сонымен қатар, мемлекеттің балабақшаларда қандай жағдай жасалғанын, қабылданған тәрбиешілердің біліктілігі қандай, санитарлық-өрт жағдайы ең төменгі талаптарға сай ма, соны бақылау қызметі жоқ. Білім бөлімдерінің мектепке дейінгі ұйымдарды аралап, тексеруге заңды құқығы жоқ.
Осыған байланысты балабақшалардың лицензиясын қайтару қолға алынып жатыр. Бұл балабақшалардағы жағдайдың сапасына, қызметкерлердің біліктілігіне, санитарлық және өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуына, тамақ өнімдерінің сапасына, бейнебақылау камераларының жұмысына және т.б. талаптарды белгілейді", – деп жазылған хабарламада.
Оқи отырыңыз: Оқу-ағарту вице-министрі: Лицензиялау балабақшаларды жабуға әкелмейді