
Астанадағы зәулім үйлердің бірін видеода "бас имамның үйі" деп таратқан желі қолданушыға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлады Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты.
Сот құқық бұзушының әлеуметтік желілерге зәулім үй көрсетілген бейнеролик жариялап, ол зәулім үйдің халықтың қайырымдылыққа берген қаражаттарына салынғанын, оның Астана қаласының бас имамына тиесілі екенін айтып, сол арқылы әлеуметтік желілерде ар-намыс пен қадір-қасиетке және басқа адамның беделіне нұқсан келтіретін көрінеу жалған мәліметтерді таратқанын анықтаған.
Құқық бұзушы өз кінәсін мойындаған. Оның сөзінше, үйдің кімге тиесілі екенін, оның қандай қаражатқа салынғанын білмеген және бейнероликті тек көру үшін жариялаған.
"Құқық бұзушылық фактісі іс материалдарымен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, бейнежазбамен және жәбірленушінің арызымен расталды. Сот қаулысымен Б. ӘҚБтК-нің 73-3-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 180 АЕК (707 760 теңге) мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды", – делінген сот хабарламасында.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, Астана қаласының және республикалық "Әзірет сұлтан" мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіпов бұл үйдің өзіне тиесілі емес екенін хабарласа, кейін бұл үйдің Астана тұрғыны Нұрлан Лесбекұлыныкі екені белгілі болды.
Оқи отырыңыз: "Бас имам хан сарайындай үйде тұрады". Желідегі видеоға имамның өзі жауап берді